«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Заңға енгізілген өзгерістер кәсіпкерлер назарына ұсынылды

2016 жылғы 11 Ақпан
- Жамбыл облысы
6334 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен  Елбасының 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында «Уәкілетті орган түсіндіреді» атты семинар-кеңес өтті.

Аталған шараға Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері, жергілікті кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдардың, даму институттарының және екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысты. 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Соған сәйкес бірқатар заңдарға айтарлықтау өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңына, Жер, Еңбек кодекстеріне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар, елімізде алғаш рет қабылданып отырған «Кәсіпкерлік кодексі» туралы кәсіпкерлер қауымы толыққанды хабардар емес.

«Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңына, Жер, Еңбек кодекстеріне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты көпшілік көкейінде сауал көп. Бұл біздің кәсіпкерлер қауымы күнделікті бетпе-бет келіп жататын құжаттар болғандықтан уәкілетті орган өкілдерінен аталмыш құжаттардағы өзгерістер туралы түсіндіріп беруін өтінген болатынбыз. Міне, Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен  «Уәкілетті орган түсіндіреді» атты семинар-кеңесіміздің көздеген мақсаты осы», - деді жиында сөйлеген сөзінде Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова.

Семинар-кеңесте Жамбыл облысы бойынша қаржылық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Мұқамеджанов ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы», Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Дамира Сатарова «ҚР Жер кодексінне енгіліген өзгертулер мен толықтырулар», Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Ибраимов «ҚР Еңбек кодексі», Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Талған Шалдарбеков және ҚР Бас прокуратурасының  Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының  аға прокуроры Ләйла Мадиева  «ҚР Кәсіпкерлік кодексі» тақырыптарында кең көлемді баяндама жасап, жиналғандарға аталмыш құжаттардың артықшылықтарын жаңа редакциядағы заңнамалардың бұрынғыдан айырмашылығын жан-жақты түсіндіріп берді.

"Кәсіпкерлік субьектілеріне заңнамадағы өзгерістер туралы уәкілетті орган өкілдерінің түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған семинар-кеңес ұйымдастырғаны үшін Кәсіпкерлер палатасына айтар алғысым шексіз. Кадр маманы ретінде ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты түсінбеген тұстарым көп болатын. Енді сол көкейімдегі көп сауалдың барлығына жауап таптым. Тіпті менің уәкілетті орган өкіліне қатарынан алты сұрақ қоюым көпшілікті таңдандырды", - дейді Тараз қаласындағы  «Болашақ» колледжінің кадр ісі жөніндегі маманы Күләш Сәрсенбаева. Ал Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылынан келген  жеке кәсіпкер Нұрмахаммад Құдабаев: «Ауылдағы шаруаның басты мәселесі жер ғой. Мен бірнеше рет жер алуға арыз бердім. Жергілікті атқарушы орган  «аукционға қоямыз сол арқылы аласыз» деп шығарып салады. Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Дамира Сатарованың баяндамасынан жаңа редакциядағы Жер кодексінің оралмандар үшін ұтымды тұстарын естіп қуанып қалдым. Мәселен мемлекеттің кәсіпкерлікке араласуын шектеу мақсатында Жер кодексінің 37 бабына оралмандарға ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жерді жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұзарту және оларға жерді аукционсыз беру туралы өзгеріс енгізіліпті. Енді оралман ретінде осы құқымды ұтымды пайдаланатын боламын»,-дейді.

Қысқасы, семинар-кеңес барысында уәкілетті орган өкілдері 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында қабылданған құжаттар, енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың маңызы, ерекшелігі, кәсіпкерлерге берер мүмкіндігі туралы жан-жақты түсінік берді. Кәсіпкерлер қауымы өздерін толғандырған мәселелер туралы сұрақтар қойып, оларға нақты жауаптар алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер