«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер «Атамекенге» алғыс айтты

2016 жылғы 25 Ақпан
- Жамбыл облысы
5581 просмотров

«Атамекен» ҰКП Жамбыл облысындағы «Зылиха» шаруа қожалығына тұтынушылар нарығын тауып берді

Қазақстан аграрлы ел ретінде ауыл шаруашылығының бүгіні мен ертеңіне жіті мән беріп келеді. Салаға жаңа технологияларды енгізумен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті қаржыландыру, шаруаларды кооперативке біріктіру, агрөнеркәсіптегі кәсіпкерлерді қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді.

Мемлекеттік қолдауға ие іскер азаматтардың бірі – жамбылдық кәсіпкер, «Зылиха» шаруа қожалығының басшысы Керімқұл Бегалиев.

Ауыл шаруашылығында қолданылып жүрген технологиялардың сапасы төмен болғандықтан, олардың жұмыс істеу механизмдері әлсіз екені жасырын емес. Алайда, соған қарамастан Керімқұл Бегалиевтің қажырлы еңбегімен, ұйымдастырушылық қабілетімен «Зылиха» шаруа қожалығы 1996 жылдан бері картоп өсірумен айналысады. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Түктібай ауылы тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықта бүгінде 360 га жерге егін егіледі. Қожалықта 25 тұрақты еңбекші бар, ал қызу науқан кезінде 150-200 адам жұмысқа тартылады. Қазір шаруашылық қызметіне жаңа инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Картоп егетін германиялық агрегаттар әкелініп, іске қосылды. Бұл технология әдеттегіден екі-үш есе көп өнім бере алады. Ал қожалықтың қоймалары голландиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Алайда соңғы жылдары нарықтағы бәсекелестердің көбеюінен «Зылиха» шаруа қожалығының өніміне  сұраныс азая бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, импорттық картоптар жергілікті өнімдерді ығыстыруда.

«Нарыққа Қырғызстан, Ресей, Иран, Пәкістан секілді елдерден келетін  картоптар көптеп ене бастаған соң, біз өндіретін жергілікті картопқа деген сұраныс күрт кеміп кетті. Осы орайда біз «Атамекен» ҰКП-ның жергілікті бөлімшесіне барып, сұраныс мәселесін шешіп беруді өтінген болатынбыз. Ұлттық палата өтінішімізді қабылдап, өзге мемлекеттік мекемелерді, мемлекеттік тапсырыс бойынша салынып жатқан нысандардың тамақтандыру бөлімдерін бізбен байланыстырып, тұтынушылар тауып берді.  Бұл бізге сұраныс көлемін алдын ала анықтап алуымызға көмектесті. Кәсіпкерлер палатасы бізді «өнімдеріміз өтпей қалады ма екен?...» деген қорқыныштан арылтып, егін сапасын арттырып, жүйелі жұмыс істеуімізге мүмкіндік берді»,–дейді Керімқұл Бегалиев.

Сондай-ақ кәсіпкер шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру мәселесін қос қолдап қолдайтынын жеткізді. «Қазір нарықта шетелдің сапалы өнімдері өте көп. Олар ұзақ жылдар бойы әбден қалыптасып, күшейіп алған. Сондықтан өнімдері сапалы, өрістері кең. Ал біз секілді шағын кәсіпкерліктер олармен бір деңгейде өнім шығару үшін өзіміз секілді өзге кәсіпорындармен күш біріктіруіміз керек. Сонда ғана ісіміз өнімді болады», –ол.

Сонымен бірге, Палата шаруа қожалығындағы салықтық мәселелердің оңтайлы шешілуіне де ықпал еткен. Осыдан кейін кәсіпкер ауылды аймақтағы өзге қожалықтарға да Палата көмегіне сүйенуге кеңес берген.

«Кәсіпкерлердің құқын қорғайтын «Атамекеннің» әрі қарай да осы қарқынмен жұмыс істей бергенін қалаймыз. «Атамекеннің» арқасында қанша адам көмек, кеңес алып жатыр. Несиеге қол жеткізіп, бизнес-жоспар жасатқандар бар. Түрлі тренинг, жиналыстар арқылы біз секілді шаруалардың білімін көтеруге үлес қосып жатыр. Жақында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Амированың бастамасымен жиналыс өтті. Көптеген мәселенің мән-жайын түсіндірілді. Палата кәсіпкердің құқын қорғайды. Себебі мұнда заңгер де, экономист те, қаржы кеңесшісі де бар.  Болашақта шаруа қожалығының өрісін кеңейту үшін бизнес-жоспар жасатуды көздеп отырмыз. Алғысым шексіз!» – деп Керімқұл Бегалиев ризашылығын білдірді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер