«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жүрек қалауы

2016 жылғы 04 Наурыз
- Жамбыл облысы
9951 просмотров

Өз арманына жету жолында адам кез келген қиындықты еңсереді

Ал жеңістің дәмі шын жүректен қаласаң қол жеткізбес арман жоқтығын дәлелдеп, қайрат пен мінезді шыңдай түседі.

24 жастағы Сабина Магомадованың бүгінде жеке автокөлігі, өзінің сүйікті ісі және белсенді қоғамдық өмірі бар. Сондықтан да оған құрбылары қызығы да қызғана қарайды. Әрине ол игіліктерге әр кім әртүрлі жолмен қол жеткізеді. Біреуге ата-анасынан қалған сый болса, енді бірінікі ерінбей еткен ерен еңбегінің нетижесі. 

Өз ісін ашқанға дейін Сабина түрлі кәсіппен айналысып көрді. Әйелдер косметикасы мен киімін саудалайтын дистрибьютер, интернет-клубтың иесі ретінде жұмыс істеді. Ол осылайша әкесі өмірден өткен соң, отбасын қаржылық қиыншылықтан құтқаруға тырысты. Жоғары оқу орнында да бюджеттік негізде білім алып, шәкіртақы иегері атанды.

Өз кәсібін ашу үшін Сабинаға кешенді шаралар қажет болды. Бұл тұрғыда Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары үлкен көмек көрсетті. Палата мамандары қажетті кеңестер беріп, бизнес жоспар әзірледі. Соның негізінде жас кәсіпкер қыз Тараз қаласынан жалға ғимарат алып, әйелдер киімін сататын дүкен ашты.

Әрине менің шағын ғана бизнесім қаржылық жағдайымды жақсартып жіберді деп айта алмаймын. Бірақ жаман емес. Бұл бастамасы ғана. Әлі талай еңбектену керек,– дейді Сабина.  

Дүкенге Сабина негізгі жұмысынан бос уақытында ғана көңіл бөледі. Ол кәсіпкерліктен бөлек Байзақ ауданы, Көктал ауылындағы орта мектепте және қаладағы колледждердің бірінде физика пәнінен сабақ береді. Ұстаздық жұмыс оңай емес. Алайда, Сабина қиындықтан қашпайды. Қайта адамдармен жұмыс істеу оған қосымша күш-қуат беретіндей. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» лигасының белді мүшесі.

Магистратураға оқуға түссем деген үлкен арманым бар. Болашақта жоғары оқу орнында ұстаздық еткім келеді. Бірақ бұл әзірге арман ғана. Алайда мен оған міндетті түрде қол жеткіземін,– деп алдағы жоспарларымен де бөлісті Сабина. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер