«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнестің онлайн-шамшырағы

2016 жылғы 02 Маусым
- Атырау облысы
13710 просмотров

Кәсіпкерлікті дамыту картасы бизнесті құруда және кеңейтуде дұрыс бағытты көрсетеді

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов Атырауда өткен Кәсіпкерлікті өңірлік дамыту картасын таныстыру барысында осындай пікір айтты. Іс-шара жергілікті атқарушы органдардың және облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен өтті.

Аталмыш картаның негізгі бенефициары кәсіпкер болып табылады. «Бизнесті құруда және кеңейтуде қажетті сапалы ақпараттың жоқтығы – кәсіпкерліктің басты проблемаларының бірі», дейді Төлеміс Шотанов.

«Мысалы, мен Ақтөбе облысының кәсіпкерімін делік және менің жоспарым – Атырауда қандай да бір өндіріс құру. Бұл үшін маған қажетті ақпаратты іздеп саналуан сайттардың талайын қопарып шығуға тура келеді. Оның үстіне бұл сайттардың көпшілігі жұмыс істемейтін болып шығады, яғни олар  жаңартылып отырмайды. Енді не істеу керек? Өңірдің барлық   инстанцияларын аралап шығу, ұзын-сонар кезекте тұрып күту, кәсіпкерлік басқармасының басшылығына кіру, сөйтіп ақыры сол жерде аталған өңір туралы ақпаратты алуым керек. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, негізінен, бұл ақпарат қағаз жүзінде болады, оны қосымша қайта қарап, өңдеу қажет. Ал қазір, Кәсіпкерлікті дамыту картасының арқасында, Атырауда отырып-ақ, мен Қазақстанның кез келген өңірі туралы қажетті ақпаратты ала аламын», – деп түсіндірді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі.

Төлеміс Шотановтың айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы Өңірлік даму картасын әзірлеушілер өз алдарына бизнестің бүкіл түйінді сұрақтарына жауап бере алатындай бірегей ресурс әзірлеу мақсатын қойды.

«Картаны әзірлеу процесінде біз үлкен даярлық жұмысын жүргіздік, атап айтқанда, бизнесті толғандыратын қандай негізгі мәселелер бар екендгін білдік. Бұл жайында кәсіпкерлік субъектілерінің өздері айтып берді. Талдау қорытындысы бойынша Атырау облысында 4 басты проблеманы айқындадық – бұл қаражат, өткізу нарығы. Одан бөлек, өңірде кадрларға және инфрақұрылымға қол жеткізуге байланысты қиындықтар бар. Кәсіпкерлікті дамыту картасының құрамында осы сұрақтардың барлығына жауап қамтылған. Айталық, өңірдің климаттық жағдайы, ресурстардың, инженерлік-транспорттық инфрақұрылымның, қажетті мамандардың бар-жоқтығы және тағы көптеген басқа сұрақтар», – деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Төлеміс Шотановтың айтуынша, Картаның негізгі артықшылықтарының бірі – бұл онда әрбір өңірдің бизнес-субъектілерінің тізілімінің болуы, яғни, отандық кәсіпкер немесе шетелдік инвестор мынадай сұрақтарға жауап ала алады: нені өндіру, кім үшін өндіру, кіммен бірге өндіру. Бұл үшін іздестіру панеліне түйінді сөзді енгізу жеткілікті. Ол осындай өнім шығаратын өндірушілердің барлығы туралы ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, ресурстан бүкіл мемлекеттік қолдау шаралары туралы, аталмыш қызметтердің операторы кім екендігі жайында білуге болады.

Өңірлік даму картасы мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктер мен даму институттары үшін де өте пайдалы болмақ. Жергілікті атқарушы органдар үшін Карта инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды дамытуға, аумақтарды абаттандыруға және мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге бағытталған бюджеттік шығындарды жоспарлауда басты бағдар қызметін атқаруы тиіс, ал екінші деңгейлі банктер мен даму институттары түрлі жобаларды қаржыландыру кезінде картада көрсетілген ақпаратты пайдалана алады.

Картаның электронды мекенжайлары: www.businessnavigator.kz немесе www.businessmap.kz


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер