«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Прокурордың қырағы назарында

2016 жылғы 27 Маусым
- Жамбыл облысы
10500 просмотров

Таразда «Прокуратура және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – ашық сұхбат: проблемалар мен ұсыныстар» атты акцияның бірінші кезеңі аяқталды

Акция аясында бизнес-сектормен ынтымақтастық мәселелері бойынша, оның ішінде Мемлекеттік кіріс, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттер алаңында мемлекеттік органдар басшыларының отырыстары мен есеп беруі өтті. Мұнда басшылар кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтерді ұсынудың сапасын жақсарту жөнінде жүргізіліп жатқан шаралар, сондай-ақ бизнеске салынатын әкімшілік жүктемелерді азайту жөнінде қабылданған шаралар  туралы бүкіл ақпаратты жеткізді. Бизнесмендер сұрақтарын еркін қойды, соның нәтижесінде есеп беру кездесулері ашық сұхбатқа айналды, мұның өзі негізгі қатысушылар – өңір бизнесмендері үшін өте қызықты болды.

Акцияның бірінші кезеңі Палата басшылығының, облыс прокуратурасының, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының және  бизнесмендердің қатысуымен Кәсіпкерлер палатасының конференц-залында өткен қорытынды жиналыспен аяқталды.  Қорытынды жиналыс барысында кәсіпкерлік секторды қолдау саласындағы ынтымақтастықтың, бірлескен жобаларды іске асырудың және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтар жұмысының нәтижелері талқыланды.

Бизнеске тексеру тағайындаудың бүкіл процедурасы толығымен автоматтандырылғанын айта кеткен жөн, яғни «Тексерулер субъектілерінің және объектілерінің бірыңғай тізілімі» атты бақылау және тіркеудің бірегей жүйесі құрылған. Жүйенің өзі критерийлердің, арнайы алгоритм мен әдістеменің негізінде заң бұзушыларды іріктеп алады, содан кейін кімді және қалай тексеру қажеттігін анықтайды. 

Алайда, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Айдос  Майлыбаевтың пікірінше, кәсіпкерлер жеткілікті қорғалмаған бірқатар салалар бар.

«Статистика көрсеткендей, биылғы жылы кәсіпкерлік субъектілерін 1 971 тексеру тіркелген, оның 50%-дан астамын Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлімшелері жүргізген,  тексерулердің 25%-ы мемлекеттік кіріс органдарына тиесілі, 63 тексеруді Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүргізген. Міне, дәл осы мемлекеттік органдарда кәсіпкерлермен кездесулер өткізілуі тегін емес», – деді ол.

Жамбыл облысы прокурорының көмекшісі Абай Алтаевтың ақпараты бойынша, әрбір аудан орталығында және Тараз қаласында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын мобильді топтар бар, олардың құрамына прокуратура мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Олардың басты мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінен түскен дабылдар  бойынша жедел көмек көрсету. 

«Биылғы жылы мобильді топтарға түскен 22 дабыл бойынша заңбұзушылықтарды жою жөнінде 11 түсініктеме енгізілді, 20-дан астам тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деп атап өтті ол.

Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова өз сөзінде 2016 жылдың басынан бері Палатаға құқықтық мәселелер бойныша 89 шағым келіп түскенін мәлімдеді.

«Шағымдардың басым көпшілігі, атап айтқанда, 15-і жер қатынастарына, 11 – мемлекеттік сатып алуларға, 9-ы мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне қатысты, 9 шағым монопольдық ұйымдармен өзара қарым-қатынасқа арналған, – деді ол. – Осы жылдың басынан бері Кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогы облыс прокуратурасына бизнесмендердің проблемалары бойынша 16 өтініш жолдады, олардың әрқайсысына прокуратура органдарының араласуы қажет болды. Нәтиже қандай болды дегенге келсек, прокуратура қызметкерлері жедел жауап қатты және бизнестің төрт проблемасы оң шешілді». Ол облыста жанар-жағар май сатып өткізумен айналысатын бизнесмендердің ұжымдық шағымына қатысты соңғы бір оқиғаны мысалға келтірді.

«Бас прокуратураның араласуымен Жамбыл облысының жанар-жағар май өткізушілері жалған кәсіпорынмен жасалған мәміленің заңдылығын дәлелдеуге мүмкіндік алды», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы мен облыс прокуратурасының жемісті ынтымағының тағы бір мысалы – мобильді топқа ауыр жүк көлігін жүргізуші Андрей Стерелецтің негізсіз айыппұл салуға қатысты көлік инспекциясы қызметкерлерінің іс-әрекетіне шағым жасауы. Ақыр соңында, кәсіпкер артық жүк үшін айыппұл төледі, бірақ әділ өлшеудің арқасында «артық» килограмдардың саны екі есеге азайды, тиісінше, 1 млн. 270 мың теңгелік айыппұл 39 мың теңгеге түсті.

Жамбыл облысы әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Болат Есімбеков 2015 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнімнің, оның ішінде жұмыстар мен қызметтердің көлемі 327,6 млрд. теңгені құрағанын, немесе, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсім 99,7%-ды құрағанын баяндады.

«Статистикалық деректер бойынша, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 2015 жылдың қорытындылары бойынша 19,6%-ды құрады және республика өңірлерінің арасында 11 орын алады», – деді ол.

Оның айтуынша, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың мәрменді шараларының бірі шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу болып табылады, және де «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге елеулі көмек көрсетілуде.

Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, «Прокуратура және ҰКП – ашық сұхбаттастық: проблемалар мен ұсыныстар» бірлескен акциясының екінші кезеңінде мобильді пункт ұйымдастырылады, оның жоспарына сәйкес, таяу уақытта бақылау және қадағалау органдары, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен жасақталған жұмысшы тобының құрамы облыстың барлық аудандарын аралап шығатын болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер