«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Идеяны іске асыратын тренинг

2016 жылғы 08 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
12319 просмотров

«Атамекен» бизнесмендерді 5 күнде дайындап шығарады

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберіндегі «Бизнес негіздеріне оқыту» тренингтеріне қатысу арқылы тыңдаушылар кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, өздерінің жеке бизнес-жоспарларын әзірлеуді үйреніп, бизнесті дамытуға берілетін несиеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болды.

Жақында Жамбыл ауданы Аса ауылындағы тренингтер аяқталды. Оған қатысқан 30 тыңдаушы бизнес-тренерлердің жұмыстарына дән риза, көбі несие алып, жеке ісін ашуды көздеп отыр. Міне, бескүндік оқытудың нәтижесі осындай.

«Тренингке қатысудың соңғы нәтижесі бизнес-жоспар құру болып саналады, – дейді бизнес-тренер Гүлзат Ысқақова. – Оқыту барысында тыңдаушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерлік қызметтегі білім көкжиектерін кеңейте алды. Көбінің ойларында жүрген бизнес-жоспарлары болғанымен, қаржылық мүмкіндіктер, бәсекелестердің болуы, өткізу нарығы, тағы басқа жайттарды назарға алмаған. Оқу аяқталған соң көбі өз бизнес-жоспарларын қайта қарағандарын мойындады, түзетулер енгізді. Енді олар қаншалықты сомада несие қажет болатындығын және оны қандай мақсаттарға жұмсау керектігін нақты біледі!»

Тыңдаушылар өткізілген тренингтің маңыздылығын атап өтті. Мәселен, Гаухар Қалдықұлова жеке бизнесін ашу үшін кеңес алу мақсатында Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Жамбыл ауданындағы филиалына барған. Оқу курстарына қатысу туралы ұсынысқа да келісімін берген.

«Дәріскер барлығын өте жеңіл әрі ұғынықты етіп түсіндіріп берді. Өмір бойы мал өсірумен айналысып келе жатсам да, дәрістерден кейін өзім үшін көп жаңалық аштым. Енді жылқы шаруашылығын дамыту үшін 3 млн теңге сомасында несие алуды жоспарлап отырмын. Өз ісіңді бастауың қажет, сол арқылы біз еліміздің дамуына өз үлесімізді қоса аламыз», – дейді ол.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкбетова берген мәлімет бойынша, мұндай тренингтерге Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі аудандары мен Тараз қаласынан 200-дей адам қатысқан.

«Барлығы 372 адамды оқыту жоспарлануда, – деді ол. – Бескүндік оқыту екі кезеңде жүреді: 29 тамыздан 3 қыркүйек аралығында және 5 қыркүйектен 9 қыркүйекке дейінгі аралықта. Оқытудың мақсаты – кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, өз жобаңның бизнес-жоспарын құру. Тренингтер аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табыс етіледі. Сол сертификатпен кейін олар шағын несие рәсімдей алады. Одан бөлек, әр қатысушыға сыйлық ретінде баспа және электронды оқу материалдары, сондай-ақ «Шағын бизнес үшін 100 жоба» анықтамалығы беріледі».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер