Жамбылдың жеңімпаз компаниялары
«Жамбылгипс» АҚ мен «Таразкожобувь» ЖШС республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқауында жеңіске жетіп, «Іскер» сыйлығын иемденді
Астанада «Алтын сапа» сыйлығының, «Қазақстанның үздік тауары» байқауының, «Ұлы дала елі» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті. Олардың арасында жамбылдық компаниялар да бар.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Жамбылгипс» АҚ 1-дәрежелі дипломант атанды.
«Байқау өте жоғары деңгейде өтті, – деп өз әсерімен бөлісті марапаттау сәтінен кейін «Жамбылгипс» АҚ президенті Қайнарбек Құсайынов. – Барлық қатысушылар жеңіске лайықты болды, үздіктерді таңдау әділетті жүргізілді. Барлық бизнесмендерді жүлделі болуларымен құттықтаймын!»
Бүгінгі таңда «Жамбылгипс» АҚ шикізаттық бағыттан алыстады. Қазіргі кезде кәсіпорын шикізатты терең өңдей отырып, дайын өнім алумен шұғылданады. Құрылысқа қажет гипс өндіретін ірі өндірістің бірі, соның негізінде «Гипсополимер» құрғақ құрылыс қоспаларын, гипсокартондар жасап шығарады. Өндірістің шикізаттақ әлеуеті өте қуатты, әрі тиісті техникасы мен құрылғылары жеткілікті. Қазіргі таңда компания инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр, соның аясында құрғақ құрылыс қоспалары, кальцита, перлита, қоймалжың гипс өндіретін зауыттың құрылысын бастап кетті. Кәсіпорында 100 аса адам жұмыс істейді, өнімі Қырғызстан мен Ресейге экспортталады.
ҚР Кәсіпкерлерінің құқын қорғайтын уәкіл Болат Палымбетов өз саласында жетістікке жетіп, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығынан үміткер және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысқан таңдаулы кәсіпорындарға «Атамекен» ҚР ҰКП арнайы тағайындаған «Іскер» сыйлығын тапсырған кәсіпорындардың бірі – жамбылдық «Таразкожобувь» компаниясы.
Былғары етік тігетін кәсіпорын шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі үдерістің бәрін қамтуға тырысқан, неғұрлым таза өнім өндіріп, жартылай фабрикат былғары шығарғанша ірі қара малдың шикізатын қалдықсыз кәдеге жаратуға машықтанған, соны терең өңдеген сайын саналуан былғары алады.
Кәсіпорында қара жұмысқа, тұрмысқа, әскери құрылымдар мен жауынгерлерге арналған аяқкиімдер шығарылады.
Былғары және аяқкиім өндірісінің барлық өнімі сертификатталған. Негізгі тұтынушылары ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және әртүрлі өндірістік саладағы Ұлттық компаниялар. Кәсіпорынның 300-ден аса жұмысшысы бар.
«Алтын сапа» сыйлығын тапсыру аясында алғаш рет отандық тауар өндірушілерге «Ұлы дала елі» атты брендті қолдану құқығы берілді. Қазақстанның брендін халықаралық ауқымда танытып жүрген үш отандық компания – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Кайнар-АКБ» ЖШС, «Рахат» АҚ Қазақстанды алыс-жақын елдерге танымал ету мақсатында бірыңғай брендті пайдалану құқын иемденді. Марапатты ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев тапсырды.
«Ұлы дала елі» бренді жылда ірі, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын отандық компанияларға – елдің үздік экспорттаушылары ретінде берілетін болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: