Балдай тәтті еңбекқорлық
Араның балды қайдан алу керек екенін білетіні секілді, қайта құрылған қауымдастықтар да несиені қайдан алуға болатынын біледі
Өткен жылдың соңында «АраТау» ара кешені» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі (АӨК) құрылды. Оған Қордай ауданындағы бал өнімдерін өндіретін үш ірі омарташы мүше. АӨК құрудағы мақсат – «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымынан қаржы алып, өндіріс көлемін арттырып, жаңа нарықтарға шығу үшін күш біріктіру.
АӨК-ті дамыту үшін 2017-2021 жылдарған жасалған мемлекеттік бағдарлама тауар өндірісіне 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен қайта өңдеудің тиімді жүйесін құру мақсатында ауқымды ауылшаруашылық кооперацияларын өркендетуді көздейді.
Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі агробизнесті дамытуда ауылшаруашылық кооперативтерінің маңызды рөлін ескере отырып, ауылшаруашылық тауар өндірушілері арасында кооперативтер құруды өз жұмысының маңызды бағыты ретінде бекітті.
«Меркі өнімдері» АӨК(сүт тағамдары кластері), «АраТау» ара кешені» АӨК (ара шаруашылығы), «Қарасай» АӨК» ӨК (қант қызылшасы) және «Жуалы Алатау» АӨК секілді бірқатар кооперациялар мен бірлестіктердің құрылуы осындай жұмыстардың нәтижесі еді.
Омарташылық әрбір кәсіпкер жеке жұмыс жасағанды жөн көретін анағұрлым консервативті сала екеніне қарамастан, кәсіпкерлер бірлесе жұмыс жасаудың барлық артықшылықтарын түсінді. Осылайша, Жамбыл облысы Қордай ауданында «АраТау» бал ара кешені» АӨК құрылды. Оны былтыр қараша айында Қордай ауданының үш жеке кәсіпкері тіркеген болатын. Олар: Валерий және Артем Ромащенколар, сонымен бірге Николай Хохулин.
«Бізді бұл қадамға баруға бірнеше себеп итермеледі. Ең алдымен, бал нарығына шығу үшін, әсіресе шетел нарығына, өнімнің көлемі де көп болуы керек, – дейді АӨК төрағасы Валерий Ромащенко. – Жекелеген омарташылардың көп бөлігі ұсақ тауарлы өнімдер ұсынады. Олар нарыққа ірі партиямен өнімдер ұсына алмайды. Ал егер бірнеше бал өндіруші тауарлық қорларын біріктірсе, онда нарыққа шығуға мүмкіндік туады. Бұдан қандай қорытынды шығару керек? Дұрыс! Бірігу керек! Кооперацияға бірігу – бал өнімдері нарығына шығуға себеп болатын маңызды қадамдардың бірі».
Ауыл кәсіпкерлері құрған осындай бірлестіктерді қолдау мақсатында жеңілдікпен берілетін несиелер де бар. Оны Кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі құрған «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы ұсынады. Өткен жылдың соңында олар қарыз алуға өтінім берген, ол өтінімді несие комитеті мақұлдаған. 15 миллион теңге несиенің алғашқы траншын, яғни үш миллион теңгесін кәсіпкерлер бал өнімдерін сататын павильонды жабдықтауға жұмсамақ.
«Кооперациядан түсетін пайданы көріп, бізге Қордай ауданының көптеген омарташылары қосылғысы келеді. Бүгінгі таңда кооператив мүшелері қолдарындағы бал арасы ұяларын, омарталар мен омарташылық инвентарьларын, сондай-ақ авткөліктерін бір ортаға шоғырландырды. Материалды ресурстарды біріктіру ірі омарташылық шаруашылық құрауға мүмкіндік берді. Ал қаржы ресурстарын біріктіру арқылы біз өткен жылы бал жинау маусымы басталмай тұрып, өнімділігі жоғары бал өндіретін заманауи жабдық сатып алдық. Таяу арада бал өнімдерін сататын дүкен ашуды, бал өнімдерін қайта өңдеп, қораптайтын цех салуды, сонымен бірге бал өнімдері мен ара ұяларын ірі көлемде тасымалдайтын жүк көлігін сатып алуды жоспарлап отырмыз», – дейді Валерий Ромащенко.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: