«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Араб компаниясы қазақ қойына қызығушылық танытуда

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Жамбыл облысы
8163 просмотров

Сауд Арабиясының инвесторлары жамбылдық кәсіпкерлермен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты

Шетелдік бизнесмендер өңірдің шаруа қожалықтарынан көп көлемде қой малын сатып алу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы «Ihuan Hani» араб компаниясы өкілдерінің Жамбыл облысына жасаған сапары нәтижесінде белгілі болды. Шараны облыстың Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

Сыртқы экономикалық қызмет пен өңірге инвестиция тарту Кәсіпкерлер палатасы жұмысының маңызды бағыттарының бірі саналады.

Палатада өткізілген салалық кездесулер кезінде алынған сауалнамалар нәтижесі, өнімді сатып өткізу, сондай-ақ экспортқа шығару – бизнесмендер алдында тұрған басты міндеттер екенін көрсетті.

Осы мақсаттар үшін Палата өңірдің түрлі салаларына инвестиция құюға және Қазақстан тауарларын шетелге жеткізу бойынша ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отырған инвесторлардың іссапарын ұйымдастыруда.

Сауд Арабиясынан келген кәсіпкерлермен кездесу  де сол себепті өтті. Оған облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова, оның орынбасары Аспандияр Сейсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Сәрсенбай Сұлтанбеков пен «Ihuan Hani» компаниясының директоры Хани Алаклук (Hani Alaklook) мырза қатысты.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова инвесторларды облыстың ауылшаруашылық әлеуетімен таныстырды. Ол қонақтарға агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ Өңірлік даму картасы туралы айтып берді. Картадан кез келген инвестор қаржы құюға дайын жобаларды таба алады.

«Ihuan Hani» компаниясының бас директоры Хани Алаклук мырза қой малын экспорттау бойынша жергілікті бизнесмендермен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға дайын екенін, сондай-ақ облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

«Сауд Арабиясына Судан Республикасынан әрқайсысы 65 долларға бағаланатын қара қойлар әкелінеді, сондай-ақ Австралиядан, АҚШ-тан қойлар жеткізіледі, – деді Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы екінші хатшысы Асхат Дүйсебаев. – Меккеге қажылық кезінде Сауд Арабиясы 6 миллионнан 12 миллионға дейін мал импорттайды».

«Ihuan Hani» компаниясы Жамбыл облысынан жылына меринос, ақ қой және қазақи қой тұқымдастарынан 100 мың бас мал сатып сатып алуға дайын. Бірақ жануарлардың құлақтарында белгілер мен сырғалар болмауы шарт, жастары 4-6 айлық, ал салмағы 20 келіден жоғары болуы тиіс.

«Сөзсіз, екі жаққа тиімді келісімшарт жасау қажет, оның үстіне ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа қызығушылық бар. Жергілікті биліктің қолдауы да қажет. Келешекте қандай да бір мәселе туындамауы үшін, қазірден-ақ жұмысқа кірісіп кетуіміз керек», – деді Қарлығаш Аралбекова.

Кездесу аяқталған соң қатысушылар Рысқұлов ауданындағы «Шеушен» шаруа қожалығына барды. Шаруашылық басшысы Мейрамбек Дөненбаев 3-6 айлық 50 мың бас қой жеткізуге дайын екенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Жамбыл облысынан қой экспорттайтын кооперация құру туралы ұсыныс жасалды. Бұл іске облыстық Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері белсенді түрде көмектеседі және келісімшарттар бекіту үшін логистика бойынша есеп-қисаптар жасап, барлық заңдық мәселелер бойынша кеңестер береді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы барлық мәселелер бойынша көмектесуге дайын екеніне сендірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер