«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тәлімгерлер бизнеске үйретеді

2018 жылғы 02 Мамыр
- Жамбыл облысы
2589 просмотров

2018 жылы 9 сәуір күні Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасында «Бизнес мектеп» жобасы қайта басталды.

Талайдың кәсіп ашуына мұрындық болған жобаның үшінші кезеңі «Тәлімгерлік негізінде жобалық оқыту» бойынша 15 адам қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығуда. Оқытудың мақсаты – өз ісінің нағыз мамандары, табысты бизнесмендердің қатысуымен кәсіби білімдерімен бөлісіп, қатысушыларды тәжірибелік дағдыларға пысықтау. Сондай-ақ, тәлімгерлер бизнес құрып қана қоймай, бәсекелестік нарығында аяққа сенімді тұру жолындағы кездескен кедергілерімен бөлісіп, болашақ әріптестеріне бағыт-бағдар береді.

Жоба үш кезеңнен тұрады, екі күндік «Бизнес-Кеңесші» қысқа мерзімдік оқыту курсы, 5 күндік «Бизнес-Өсу» ол «Бизнес-Кеңесші» курсынан өткен шағын және орта бизнес субъектілеріне арналады және ұзақтығы 8 аптаға созылатын «Тәлімгерлік негізінде жобалық оқыту кезеңі», – дейді бизнес бапкер Гүлмира Метерова.

Бапкердің айтуынша 2017 жылы жоспар бойынша 65 адамды оқыту керек болатын, алайда он адамға артық оқуға қатысты және оқыту барысында 21 жоба жүзеге асырылды. Биылғы жылы да осыншама адамды бизнес негіздеріне оқыту межеленген.

Жоба қатысушылары өздерінің кәсіпкерлік икемдеріне қарай үш түрлі бағытты айқындап алды және оқытудың 3-ші аптасында олар үшін шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Облыстағы «Новый регион» газетінің журналисі, блогер Юрий Черногор «Бизнес үшін SMM» тақырыбында білген-түйгенімен бөліссе, «Роден» ЖК басшысы, кәсіпкер  Д.Тулин спикер ретінде қатысып, тәжірибесімен бөлісті.

Ал, білім беру саласы бойынша тәжірибе алмасу үшін Палатаның бизнес тренерлері қатысушыларды  қаладағы балалардың интеллектісін дамытуға арналған «Интеллектум» орталығына апарды. Орталықтың директоры, жас кәсіпкер Айгүл Сағыбаева жасөспірімдердің ақыл-қабілетін, ой-өрісін кеңейтуге бағытталған түрлі логикалық, жамбылда аналогы жоқ ойыншықтарын көрсетіп, олармен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндірді.

Бұндай тәжірибе алмасу әсіресе білім беру саласында үлкен еңбек тағылымы бар, алайда кәсіпкерлікке енді бет алған Кулсара Даузова үшін пайдалы болды. Бастауыш кәсіпкер бала-бақша ашып, заманына қарай көсілмек. Ұрпақ тәрбиелеу ол қашан да жауапты іс. Сондықтан мемлекет те қолдаусыз қалдырмаған. Әр балаға бюджеттен қаражат та бөлінген. Ол балабақша жұмысы табысты әрі сауапты жұмыс екенін біледі.

 

Біз үштұғырлы тіл саясатын ұстанған елміз. Сондықтан да ағылшын тілін білу – заман талабы. Қалада, тіпті ауыл-аймақтарда шет тілін оқыту курстары күн санап көбейіп келеді. Осы мақсатта жоба қатысушыларына  «American English School» ағылшын тілінде сөйлеу орталығының негізін қалаушылар Жандос Сатекбаев пен Жасұлан Есжанов тәлімгерлік етті.

Келесі топ мемлекеттік сатып алу саласында кәсіптерін өрбіткісі келетіндер. Әр тиынның сұрауы бар, қазірде мемлекеттің ақшасы талан-таражға салынбай, бірден электронды байқау арқылы ұсынылады. Бұл ретте бизнес сауаттылық керек. Өңірлік кәсіпкерлер Палатасының мемлекеттік сатып алу бойынша менеджер-кеңесшісі Дәулет Бірбаев қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Жобаны аяқтағаннан кейін барлық қатысушыларға мемлекеттік грантқа қатысуға құқық беретін сертификаттар табысталады және Палатаның мамандары әр бизнес жоспарды құруға көмектеседі және сүйемелдейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер