«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

БАЙЛАНЫС БАР: Жамбыл облысының әкімі бизнес мәселесін тыңдады

2018 жылғы 30 Мамыр
- Жамбыл облысы
8411 просмотров

Таразда облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің бизнес-қауымдастығымен кездесті. Мәселе кәсіпкерлік саласының дамуы мен бизнес төңірегінде бар проблемаларды шешу жөнінде өрбіді.

Қос тараптың кездесуі Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының Өңірлік Кеңесінің кезекті  отырысы аясында өтті.

Өңірлік Кеңестің Төрағасы Мұқаш Ескендіров кәсіпкерлік саласының өңір экономикасы үшін маңызын ескере келе, бизнес-қауымдастық өкілдері тарапынан туындаған сұрақтарды облыс әкіміне тікелей қою мүмкіндігі бар екенінің астын сызды.

 

Негізгі баяндама жасаған Облыстық кәсіпкерлер Палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек  мемлекет өз тарапынан бұл секторға түрлі бизнес-бағдарламалар арқылы қолдау білдіруінің арқасында шығарылатын жалпы өнім көлемінде шағын және орта бизнестің үлесі жыл санап артып келетінін айтты. Ал облысқа жаңа басшының келуімен өңір экономикасында адымды қадамдар жасалып, жағымды өзгерістер орын алуда.

«Палата өз тарапынан жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеп, қолдау көрсетуге, қажетті жобалар мен іс-шараларға қатысуға әзір. Бұның айқын дәлелі – жақында Астана қаласында облыстағы өңдеуші және өндірістік кәсіпорындарды Паспорттау үшін атқарылған жұмыстың нәтижесі таныстырылып, қорытындысы бойынша бірқатар ұлттық компаниялар мен холдинктер өңдеу секторына пәрменді қолдау білдіреді деп күтілуде».

 

Жиында Өңірлік Кеңестің мүшелерінен қатар, қатысқан кез келген кәсіпкер облыс басшысына сауалын қоя алды.

«Altais Group»  ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев 4-ші қиылыс Қапал мекенжайындағы тұрғын үйлерге су құбырын өткізу, жүргізілген жұмыстың ақысын төлеу бойынша келісімшарт талаптарының орындалуы, мал ұрлығы және тараптардың татуласуына байланысты істің тоқтатылуы сынды проблемаларды көтерді.  Кәсіпкер тілге тиек еткен сұрақтардың барлығы мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларымен талқыланды.

Облыстың Ішкі Істер Департаменті басшысының орынбасары Байжан Байгелді мұндағы негізгі проблема құқықтық алаңға қатысты екенін мойындады.

Дегенмен де, ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында бұл санаттағы қылмыстар 45 пайызға төмендеген. Алайда облыс әкімі аталған сұрақты егжей-тегжейлі қарап, жағдайды жақсарту үшін оңтайлы ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Су құбырын жүргізу бойынша проблема осы жылы шешілетін болады. Жалпы, Өңірлік Кеңес тарапынан сұйытылған мұнай-газдың көлемін анықтауға квотаның бөлінуі, ата-аналардың мектепке дейінгі мекемелерді таңдау құқығының берілуі, жолаушыларды әуе және автотасымалдау және т.б.  ауқымды сұрақтар легі келіп түсті.

Мысалы, Өңірлік Кеңестің мүшесі Дмитрий Ильичев күнделікті өңірдің барлық шеті мен одан тысқары жерлерге 150-ге жуық автобустар бағытталатын автобекеттер бойындағы жүйесіз жұмыс, ретсіз тірлікке назарды аударды.

Әкім тасымалдауға рұқсат қағаздарының болуы, белгіленген аумақты абаттандыру және Жол полициясы қызметкерлерімен тұрақты түрде бақылау жүргізуді  жауапты тұлғаларға тапсырды.

Палатамен рұқсат етілмеген көше саудасын ретке келтіру, сондай-ақ дүңгіршектерді бүзу кезінде кәсіпкердің құқығын толық сақтау мәселесі көтерілді. Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов және өзге де жауапты тұлғалар барлық іс-әрекеттер заң аясында орындалып жатқандығын айтты.

Асқар Исабекұлы бұл сұрақты кәсіпкерлер Палатасы мен атқарушы органдарына  бірлесе пысықтап, шешуді ұсынды.

Облыс кәсіпкерлері мұндай форматтағы кездесуді ұзақ күткендері сезілді. Облыс әкімі бизнес өкілдерінің екі сағатқа ұласқан сұрақтарын тыңдай келе, барлық жауапты тұлғаларға қойылған сұрақтарды егжей-тегжейлі қарап шығуды тапсырды.

 

Сонымен қатар, Асқар Мырзахметов мұндай сипаттағы кездесулер енді тұрақты негізде өтіп тұратынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер