«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Заманауи киіз үй – «Space Yurt»

2018 жылғы 01 Маусым
- Жамбыл облысы
8043 просмотров

Елордалық кәсіпкер Айжан Түйтебаева туған жері Жамбыл облысы Меркі ауданында ғарыштық қазақ үйлер деп аталатын ерекше демалыс орнын ашты

Меркі тауының бөктерінде мамыражай маусымда ерекше инновациялық жоба жүзеге асты. Жобаның басты мақсаты – өңірдегі туризм саласын дамыту, туристерді тарту, сондай-ақ ұлттық нақыштағы заманауи инфрақұрылымды демалыс үйлерін ашу. Аз ғана уақытта демалыс орнына алыс-жақын қалалардан жүздеген қонақтар келіп, көптің көзайымына айналып үлгерді.

«Ел экономикасын дамытуда 10 басым бағыттардың бірі – туризм саласы болғандықтан,мен субсидияланатын жобалар легін қарастырдым. Әкем-анамның туған жері Меркі ауданы табиғатының ерекшелігін ескере отырып, қазақи нақышта, заманға сәйкестендіріп демалыс орнын ашуды мақсат еттім. Маған көмектесіп, қолдау білдірген Кәсіпкерлер палатасына және атқарушы органдарға алғысым шексіз» – дейді «Space Yurt» демалыс орнының директоры Айжан Түйтебаева.

Бүгінде демалыс орталығында ғарыштық қазақ үйлер, жатын  бөлмелер, мейрамхана, монша сынды қызмет көрсету түрлері бар. Онымен қоса табиғат аясында серуендеу маршруттары да қарастырылған.

Кәсіпкер отбасылық бизнесін бастар алдында «Бизнес кеңесші» жобасына қатысып, «Жобалық оқытудан» өткен. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесші-менеджерлері бизнес-жоспар әзірлеп, кәсіпкердің арманын жүзеге асыруға көмектесті.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының құқықтық бөлімі кәсіпкерге инфрақұрылым жүргізуге және электр энергиясы жүйесін жүргізуге көмектесті. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» арқылы «Жіп қалашығы» жобасын ұсынып, мемлекеттік грант жеңіп алуға қолдау білдірді.  Қазірде балалар мен жасөспірімдерге арналған жіп қалашығы алаңы «Space Yurt» демалыс орны маңында ашылған. Жіптерге өрмелеп міну бағасы қалтаға  ауыртпалық салмайды, кіру құны 500-1000 теңге аралығында.

Ұлттық құндылымызды ұлықтатқан, кешегі мен бүгінгі мәдениетті ұтымды ұштастыра білген кәсіпкердің бірегей жобасына табыс, еңбегіне жеміс тілейміз.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер