«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тараз қаласында тұңғыш рет туристерге арналған дүңгіршектер орнатылды

2018 жылғы 10 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
3299 просмотров

Меймандарға арналған дүңгіршектің ашылуына ұйытқы болған туризм саласының жанашыры, Іскер әйелдер Кеңесінің мүшесі Альбина Веймер ханым

Жамбыл облысында 3000 мыңнан аса туристік нысан бар. Олардың ішінде қонақтар ең көп келетін XI ғасырдың тарихи нысаны «Қарахан» кесенесі. Туристерге арналған дүңгіршек дәл осы Қарахан және Айша бибі кесенелерінің кіре берісіне қойылып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылып отырған дүңгіршектерден келген қонақтар естелік кәдесыйлармен қатар облысымыздың туристік әлеуеті туралы жан-жақты ақпаратты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ала алады.

«Қазіргі таңда туризмді дамытудың ең басты алғышарттарының бірі –қызмет көрсету сапасын арттыру. Бұл «Туризм» басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың бір тармағы. Ашылған дүңгіршектердің негізгі мақсаты пайда табу емес, туристерге бағыт-бағдар көрсететін анықтамалық құралдармен қамту, олардың ойынан шығу, өңірдің оң имиджін қалыптастыру. Сонымен қатар, жергілікті қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету. Яғни, дүңгіршекте тұрған әрбір қызметкер шет елдік қонақтарға Тараздағы туристік нысандар, туристік фирмалар, қоғамдық тамақтану және демалыс орындары туралы ақпаратты берумен қатар, жергілікті қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар, олардың қазақ халқының тұрмыс салтында алатын орны жайлы жан-жақты мәлімет беріп, насихаттау жұмыстарына да ат салысады», – дейді «Золотой Караван» туристік фирмасының басшысы Альбина Веймер.

Айта кету керек, халықаралық стандарттарды негізге алған дүңгіршектер облыс әкімдігінің туризм басқармасы, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейі және «Золотой караван» туристік фирмасының бірлескен жобасы негізінде қолға алынып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер