«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Іскерліктің электрондық кеңістігі

2018 жылғы 23 Қараша
- Жамбыл облысы
2955 просмотров

Т.Рысқұлов ауданының бизнес-қоғамдастығы «Кәсіпкердің жеке кабинеті» интернет-порталымен танысты

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары өңірдің барлық аудандарын аралап, «Атамекен» іске қосқан тегін интернет-порталы мен «Atameken servicies» сервистік көмек топтамасымен кәсіпкерлерді таныстыруды бастады.

Палата мамандары Т.Рысқұлов ауданының ірі кәсіпорын нысандарын 100 құжат үлгісі әзірленген cabinet.atameken.kz порталына тіркелуге көмектесіп, кәсіпкерлерге қажетті ақпарат алу мүмкіндіктерін түсіндірді.

Т.Рысқұлов ауданында бүгінде 4000 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері бар. Олардың арасында – жол құрылысын салу мен жөндеумен айналысатын «Құлан жолдары» ЖШС, тұрмыс жиһаздарын шығаратын «Тастанбеков Б.Т.» жеке кәсіпкерлігі және «Луговой жылқы зауыты» ЖШС сынды ірі бизнес субъектілері бар.

Қазірде «Кәсіпкердің жеке кабинеті» порталында Қазақстан бойынша 12 мыңнан астам заңды тұлға тіркеліп, ақпарат ресурстарын тегін пайдалануда. Бұл қызметке жүгінушілер қатары күн санап өсіп келеді. Олардан түскен ұсыныс-пікірлерді таразылап, орынды ұсыныстарға қолдау білдіреміз. Біздің міндетіміз – отандық кәсіпкерлікті қолдау және көмек көрсету», – деді кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Аспандияр Сейсебаев.

«Кәсіпкердің жеке кабинеті» сервисі арқылы бірнеше қызмет түріне қол жеткізуге болады. Біріншісі, «Бизнесті құтқару қызметі» деп аталады. Онда шағын бизнес туралы жедел кеңес алумен бірге мәселені реттеу үшін белгіленген нысанға мобильді топты шақыра алады. Бұл қызмет түрі әзірше Астана мен Алматы қалаларына тиесілі. Жеке кабинет арқылы кәсіпкерлер «Құжаттар конструкторынан» құжаттар үлгісімен танысып, жұмыс барысында қолданады. Бүгінгі таңда заң тілінде сауатты жазылған 100 құжат үлгісі әзірленіп, тегін жүктеуге мүмкіндік туып отыр.      

 «Адалдықты тексеру» сервисі арқылы кәсіпкерлер өзінің серіктесін 40 түрлі көрсеткіш бойынша тексере алады. Мұның ішінде салық қарызы, әкімшілік және қылмыстық айыппұлдары, мемлекеттік сатып алу бойынша лицензиясының және тағы басқа құжаттарының бар-жоқтығы сияқты бағыттар бар. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП банкроттық немесе кәсіпкерлік субъектісін жабу үрдістерінен өтіп жатқан кәсіпкерлер туралы да ақпаратты орналастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.     

 «Кәсіпкерлік бастамалар» қызметі арқылы кәсіпкерлер бизнес ахуалды жақсарту бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, оны кең талқылауға және дауыс беруге шығара алады. «Атамекен» өз тарапынан бұл бастамаларды өкілетті органдардың назарына ұсынады,– деп түсіндіріп өтті.      

 «Кәсіпкердің жеке кабинетіндегі» маңызды қызметтердің бірі «Digital-кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» қосымшасы. Сервис бойынша кәсіпкерге 61 қызмет тегін көрсетіледі. Мәселен, бухгалтерлік және есеп, ақпараттық технологиялар, құқықтық, кедендік рәсімдеу, қолдау шаралары бойынша ақпарат, кәсіпкерлердің өтініштерін сүйемелдеу, маркетинг, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, мемлекеттік сатып алу, тағы басқалары. Сонымен бірге, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға, бизнес-жоспар мен сайт әзірлеуге өтініш беруге мүмкіндік бар. Басты ерекшелік – қызметтің бәрін онлайн режимде алуға болады.   

 Ғаламторға қосылуға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылған. Кәсіпкер үшін қандай да бір сұрақ немесе қиындық туындаған жағдайда менеджер-кеңесшілер көмектеседі – деді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Диана Түкпетова.

Облыста іске асырылғалы бері «Atameken Services» электронды қызметті 304 адам қолданған.

Жұмыс сапар барысында ауданның 100-ге жуық бизнес өкілдері мен жергілікті актив бас қосқан жиын өтті. Онда Облыстық кәсіпкерлер палатасының Т.Рысқұлов аудандық филиалының директоры Ернұр Нұржігітов биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

Биыл Құланда «Бастау» жобасында 182 адам оқытылып, 42 азамат өз кәсібін ашты. «Бизнестің жол картасы-2020» аясында 968 адамға қаржылай емес қолдау көрсетілді. «Atameken Services» электрондық қызметіне 30-дан астам тапсырыс берген.  «Бизнес-Кеңесшісі» жобасы аясында қысқа мерзімді екі күндік кәсіптік негіздеріне 162 адам оқытылса, жобаларды қаржы институттарында 93 кәсіпкердің жобасы сүйемелденіп, оның ішінде 63 азаматтардың жобалары нақты 223 млн. 500 мың теңгеге қаржыландырылды.

Жиында аудан кәсіпкерлері мен жергілікті билік өкілдеріне Облыстық кәсіпкерлер палатасы Т.Рысқұлов аудандық филиалының жаңа тағайындалған директоры Сапарбеков Нұрлан Ғиззатұлы таныстырылды. Өз кезегінде жаңа басшы аудан кәсіпкерлерін мазалаған сұрақтары бойынша әрдайым кәсіпкерлер палатасына көмекке жүгіне алатынын жеткізді.

Айта кету керек, алдағы уақытта жаңадан іске қосылған интернет-порталмен кәсіпкерлерді ақпараттандыру жұмыстары аймақтың барлық аудандарында жүргізілетін болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер