Табысты кәсіпкер мектеп оқушыларына шеберлік сабағын өткізді
Таразда №9 орта мектебінің 10 сынып оқушылары «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқуда
«Кәсіпкерлік негіздері» – Қазақстандағы орта білім беретін мектептің 10-11 сынып оқушыларына арналған таңдау пәні. Бұл пән «Атамекен» ҚР ҰКП бастамасымен және ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде оқытылып жатыр. Биыл жаңа оқу пәні республика бойынша жекелеген мектептерде пилоттық режимде сыналып жатыр. 2019 жылы жаңа оқу жылынан бастап «Кәсіпкерлік негіздері» пәні барлық орта мектептердің оқу бағдарламасына енгізіледі.
«Оқу бағдарламасы шет елдің үздік тәжірибелерін қолдана отырып жасалған және Қазақстан жастарына жақын тақырыптардағы кейстік жұмыстарға негізделген. Оқушылар бизнес негіздерін өздері қатарлас мектеп партасында отырған әрі жақында ғана түлеп ұшқан жас кәсіпкерлердің үлгісінде оқиды. Мұның барлығы оқушыларға таза бизнес-процестерді таныстырып, болашақта жеке кәсіп бастауға ынталандыруы тиіс», – деді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Дінмұхамед Өмірбайұлы.
Профильді пәнді таңдаған оқушылардың барлығынан кәсіпкер шығады деу қате. Басты міндет – өмірлік қиындықтар мен мәселелерді мүмкіндік ретінде қабылдап, алынған білімді өз қызметінің күнделікті саласында пайдалануы үшін оқушылардың кәсіпкерлік тұрғыдан ойлауын дамыту. Бұл кітапты құруда оқытушылар, әдіскерлерден бөлек, бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер де атсалысты.
«Кәсіпкерлік негіздері» оқулығының кіріспесінде Қазақстандағы кәсіпкерліктің тарихы, бизнестің түрлері, экономикадағы шағын және орта бизнестің рөлі, мемлекеттік қолдаудың түрлері стартап жобалар туралы түсінікті қамтыса, негізгі бөлімінде нарық, ақша, бюджет, ресурс сөздерінің мағыналарын түсіндіру қарастырылған. Жалпы қыркүйек айында басталған пән екі тоқсанның қорытындысы бойынша оң нәтиже беруде. Мәселен, бұл сыныптың екі оқушысы облыстық Білім басқармасы ұйымдастырған байқауға қатысып, өз бизнес жобаларын қорғап шыққанын айтады «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің мұғалімі Ержан Ізбасарұлы.
Оқушылар сол мектептің түлегі, жас кәсіпкер Олжас Абдухалыковпен кездесті. Қарапайым отбасыдан шыққан ол Елордада жоғары білім алып, сол жақта жұмысқа орналасады. Талмас еңбегінің арқасында өзін кәсіби тұрғыда шыңдап, тәжірибе жинақтап, Таразға оралады. Олжас оқушыларға нөл теңгелік инвестициямен бизнесті қалай бастауға болатынын айтты.
Мен Таразға оралғанда, қалтамда артық қаражат болған жоқ – дейді жас кәсіпкер. Алайда мендегі білім мен ізденіс, талпыныс пен еңбектің арқасында, қазірде «Мега Ми» балалар мен жасөспірімдердің ойлау қабілеттерін дамытуға арналған орталығы мен «Автокино» автокөлік жуу алаңын ашқан. Сондай-ақ, қазірде бизнесін ашып, алайда жүргізуде қиындыққа тап болатын бизнес өкілдеріне маркетингтік, жарнамалық, ақпараттық тұрғыда жол бағыттап
«Құрметті оқушылар, сіздер мектеп қабырғасынан бастап ертең мен кім боламын деген сұрақты қаперлеріңізде ұстаңыздар. Біз оқушы болған кезімізде «Кәсіпкерлік негіздеріне» оқытатын, бизнеске машықтайтын пән болған емес. Осы сәтті пайдалып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығуға, бастауыш кәсіпкердің бойына керек қасиеттерді иемденуге мүмкіндік бар. Себебі оқулық шетелдің үздік тәжірибелерін қолдана отырып әзірленген» – деді Олжас Әбдухалықов.
Оқушылар кездесу соңында кәсіпкермен ой бөлісіп, пікір алмасты. Өз кезегінде табысты кәсіпкер бизнес идеясы бар оқушылардың жобаларын жүзеге асыруға, бастапқы кезеңде тегін кеңсемен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: