«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Таразда сауда желілері және өнім өндірушілердің кездесуі өтті

2019 жылғы 01 Тамыз
- Жамбыл облысы
6471 просмотров

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері және Қазақстанның ірі сауда желілері өкілдерімен кездесуі өтті

Кездесуге «Вкусная корзинка», Magnum cash and carry, Metro cash and carry, S'Mall сынды сауда желілері мен дистрибьютерлерінің өкілдері, Алматы, Шымкент және Тараз қалаларынан «Mcc Trade company» сауда компаниясы және жергілікті атқарушы органдар қатысты. Шаруалар ірі компания өкілдерімен тікелей келіссөздер жүргізуге, сауалдар қоюға мүмкіндік алды. Кездесу мақсаты – ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге өз өнімдерін ірі бөлшек сауда желілерінде ілгерілетуге көмектесу.

 Ірі сауда желілерінің өкілдері желіге кіру және ынтымақтастықтың жалпы шарттарын айтты.

 «MCC Trade company» компаниямыз көкөніс, жеміс-жидек және шұжық өнімдерінің көтерме саудасымен айналысады. Қазіргі таңда бізге 15 мыңға жуық тонна пияз керек. Егер жамбылдық шаруалар осындай көлемде сапалы пияз жеткізе алатын болса, онда бірден келісімшарт жасаймыз. Сонымен қатар тауарларды іріктеу және талаптар бойынша әр шаруамен жекелей келіссөздер жүргізуге дайынбыз. Палатамен бірлесіп, тауарлар сапасын байқауға егістік алқаптарына шығуға болады», – деді ЖШС-ның сатып алулар жөніндегі маманы Мәди Убайдулин.

Бүгінде шаруалардың ең өзекті мәселелерінің бірі – іс-қағаздарды жүргізу. Қағазбастылық – әр шағын шаруа қожалықтың бас ауруына айналды. Статистиканы ескерсек, облыстағы 18 900 шаруа қожалығының шамамен 70%-ы шағын өндірушілер. Ал бухгалтерді және заңгерді жалдау материалдық тұрғыда тиімсіз.  

 «Мәселе өзекті. Кәсіпкерлер палатасы жанынан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатқанын атап өткім келеді, онда менеджерлер-кеңес берушілер тегін қызмет көрсетеді.  Бұл бухгалтерлік, заңгерлік, маркетингтік көмек. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджерлері құжаттарды жинау, бизнес-жоспар жазуда, қаржылық сауаттылықты арттыруда сүйемелдейді», – деді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.  

Шағын шаруа қожалықтары үшін тағы бір кедергі – логистика мәселесі. Шаруалар ірі сауда желілелрімен жұмыс істеу оларға делдалдармен жұмыс істеуден әлде қайда тиімді екенін түсінеді. Алайда көлік құралдарының болмауы бұл үдерісті тежеуде.

 Кездесу нәтижесінде алғашқы ынтымақтастық туралы шарттар жасалды. «MCC Trade company» ЖШС көкөніс өсіретін жамбылдық «Бесағаш Ынтымақ» шаруа қожалығымен жұмыс істеуге ынта танытты.

 Соынмен қатар қатысушыларға ӨКП бастамасымен әзірленген «Атамекен өнімдері» онлайн каталогы туралы ақпарат берілді (https://atamekenonimder.kz/), онда шығарылған немесе өткізуге қажетті өнім туралы ақпарат енгізуге болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер