«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік мекеме жамбылдық кәсіпкерге негізсіз 4 млн теңге артқан

2019 жылғы 20 Қараша
- Жамбыл облысы
3671 просмотров

Өткен жылы Шу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мекемесі мен «Тараз Гео проект Люкс» ЖШС арасында қоныстандыру және жер кадастрлық жұмыстарын жасау үшін жалпы сомасы 33 331 000 теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы 157 келісімшарт жасалған болатын. Шартта «барлық шығыстар қосылған құн салығынсыз» деп көрсетілген, сондай-ақ, келесімшарттағы міндеттемелерді кәсіпкер заң талаптарына сәйкес орындаған. Жұмыс орындалу барысына, орындалу нәтижесіне Шу әкімдігі тарапынан бұған дейін қандай да бір наразылық болған емес. Алайда, бір жыл өте облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментімен  тексеріс жүргізілгеннен кейін, «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңының 5 бабы 2 тармағы бойынша хабарландыру порталға дұрыс салынбағандығы анықталған.

Мемлекеттік мекеме байқау шарттарын орналастырар кезде қосымша құн салығын кемітіп, яғни 33 миллион теңгеден 12 пайыздық қосымша құн салығын азайтып, қалған 29 миллионнан астам сома мемлекеттік сатып алу жоспарына бекітілуі тиіс болатын. Алайда, Шу әкімдігі қызметкерлерінің мемлекеттің қаражатына ат үсті қарағандығы салдарынан қосымша құн салығының сомасы мемлекеттік сатып алу жоспарына қосылып кеткен. 

Аудиттік тексерістің нәтижесін негізге ала отырып, Шу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары кәсіпкерден қосымша құн салығының қаражатын бюджетке қайтаруын талап етіп, сотқа арызданған.

Лауазымды тұлғалардың негізсіз айыптауымен келіспеген «Тараз Гео проект Люкс» ЖШС басшысы Шалабай Байдильдаев Кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөліміне көмекке жүгінді. Істің анық-қанығын анықтауға араласқан Палата сарапшылары кәсіпкердің компаниясы қосылған құн салығын төлеуші емес екенін сотта дәлелдеп берді.

«Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының мәлімдемесіне сәйкес «Тараз Гео проект Люкс» ЖШС-і қосымша құн салығын төлеуші емес, заң бұзушылықтар кәсіпкерлер тарапынан емес, Мемлекеттік органның жауапты тұлғаларының салғырттығынан жіберілгені тиісті іс-құжаттармен анықталды.  Себебі, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын Шу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-мен әзірленген және бекітілген. Өздері әзірлеген құжаттарда «барлық шығыстар қосымша құн салығынсыз» деп көрсетілген» - деп нақтылады Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Әлия Әмірбекова. 

Осылайша талап-арыз қанағаттандырусыз қалдырылып, сот кәсіпкердің пайдасына шешілді. Ал мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер