«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау Бизнес» жобасы аясында жамбылдық жастар кәсіптерін ашуда

2020 жылғы 05 Қазан
- Жамбыл облысы
3717 просмотров

Карантиндік шараларға қарамастан, «Бастау Бизнес» жобасы өз жұмысын жемісті жалғастырып, Жамбыл облысы бойынша биыл онлайн оқудан 3641 адам өтті. Кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, табысқа жеткен жандардың бірқатарына тоқталып өтсек.

Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы, «Бастау Бизнес» 2020 жобасының түлегі – Сандуғаш Көшекова. Кәсіпкерлік негіздері курстарын аяқтағаны туралы сертификат алып, ол «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде грант алу конкурсына іріктеуден өтті. Жобасының көмегімен ол өзінің тігін тігу хоббиін пайдалы кәсіпке айналдырды. Қазіргі уақытта тігін бизнесіндегі жоғары бәсекелестікте Сандуғаш өз орнын таба алды. Оған дәлел, ерекше дизайндағы эксклюзивті көрпешелер. Тауар арқылы қазақ халқының ұлттық калоритін, мәдени құндылықтарын сақтай отырып, біздің салт-дәстүрлерімізді қазіргі заманға сай көрсете білген.  Кәсіпкердің айтуынша, тауар ұзатылатын қыздардың арасында ерекше сұранысқа ие.

Вазира Чункабаева Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны. 27 жаста, 2 баланың анасы. 17 жасынан бастап қолөнер және тігін ісімен айналысқан. 2020 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Бастау Бизнес» жобасының 1- легінде оқып, бизнес-жоспарын қорғап, сертификат алып, 555 600 теңге алып, тігін цехы мен қолөнер кәсібін ашып, жұмыс жасауда.

Ақбота Абдикадирова Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны. 23 жаста, 2 баланың анасы. Жастайынан құс шаруашылығымен айналысқан. Ағымдағы жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасының 1- легінде онлайн оқыды. 200 АЕК (555 600 теңге) мөлшерінде грант алды. Жас кәсіпкер тауық  өсіріп, жұмыртқа сатып, кәсібін жүргізіп отыр.

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласының тұрғыны Айбек Келгенбаев. Оқу бітірген соң 2017 жылдан бері өз бетінше жұмыс жасайды. 2019 жылғы «Бастау Бизнес» жобасының түлегі. Айбек Асқарұлы 1 айлық оқуын аяқтап, өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап шықты. Курсты толық аяқтағаны туралы сертификат алған соң, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Ол 555 мың теңге грант ұтып алып, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 млн теңге несие алып, Жаңатас қаласында өз наубайханасын ашып, жас кәсіпкер атанып отыр. Бағыты: нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндіру.

Цех жалданған өндірістік бөлмеде жұмыс жасайды. Наубайханада қара, ақ және батон нанын пісіреді. Дайын өнімді Қаратау, Жаңатас қалаларының, Сарысу ауданы ауылдарының дүкендеріне және қоғамдық тамақтану орындарына өткізеді. Қазіргі таңда 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Наубайхана әзірге лицензия алған жоқ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер