«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Таразда «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесі ашылды

2020 жылғы 15 Қазан
- Жамбыл облысы
10946 просмотров

Жобаны Жамбыл облысының әкімдігі және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесіп іске асырды.

Жоба «бір терезе» қағидаты бойынша барлық мемлекеттік қызметтерді  шоғырландырады. Мұнда барлық мемлекеттік органдар мен даму институттарының қызметтері ұсынылған. Шағын, орта және ірі бизнес субъектілері мен инвесторларға бизнес-процестерді іске асыру үшін әртүрлі органдарға, коммуналдық қызметтерге барудың қажеті жоқ. Барлық қызметтерді осы жерден алуға болады. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің өмірін жеңілдету туралы тапсырмасы аясында жүргізілуде.

«Енді кәсіпкерге әртүрлі органдарға өтініш жіберу үшін бір күнді жұмсаудың қажеті жоқ, мұнда барлығы бір нүктеде жасалады. Бізде өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді, Atameken Service қызметтері ұсынылады. Уақыт өте келе қызметтер тізбесі кеңейтіліп, онлайн режимге ауыстырылады», – деп атап өтті Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев.

«Бизнеске арналған үкіметте» әрбір кәсіпкер өз бизнесін дамыту, біліктілік пен қаржыландыруды арттыру бойынша көптеген қызметтер мен кеңестер алады. Кәсіпкерлер үшін барлық қызметтерді бір орыннан алу үшін жағдай жасалған. Маңызды мәселе – бизнес туындаған мәселелердің күрделілігіне қарамастан, қайда бару керектігін нақты біледі. Бизнеске арналған үкіметтің көмегімен біз кәсіпкерлер үшін бірыңғай хаб құрамыз және бұл жалпы ел экономикасына оң әсер етеді», – деді Палата директоры.

Фронт-кеңсенің жұмысымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев танысты. Сондай-ақ, ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының кеңесшісі Ербол Өстеміров, Ұлттық экономика вице-министрі Әсет Ирғалиев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы Басқарма төрағасының кеңесшісі Дархан Нұрпейісов қатысты.

Жалпы, «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесін алғашқы келушілер қатарындағы кәсіпкерлер оң бағалады. Өйткені, ең маңызды және қажет нәрсенің бәрі қазір бір ғимаратта орналасқан, бұл уақытты едәуір үнемдейді. Бір сөзбен айтқанда, «Бизнеске арналған үкімет» инвесторлар мен кәсіпкерлердің идеядан жобаларды жүзеге асыруға дейінгі жолын жеңілдетеді.

«Атамекен» ҰКП ұйымдастыруымен «Бизнеске арналған үкімет» жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Бүгінде мұндай орталықтар Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жұмыс істейді.

Фронт-кеңседе кәсіпкерлерге Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасынан, ЖАО және «Тараз» ӘКК өкілдерінен, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінен және қаржы институттарының өкілдерінен, соның ішінде «Атамекен Тараз» МҚҰ-дан бизнесті қолдау бойынша 60-қа жуық қызмет көрсетілетін болады.

Анықтама үшін:

 «Атамекен» ҰКП қызметтері:

  1. Маркетингтік қызметтерді ұсыну;
  2. Заң қызметін көрсету;
  3. Бухгалтерлік есеп пен салық есептілігіне байланысты қызметтерді ұсыну;
  4. Сыртқы экономикалық қызмет бойынша қызметтер көрсету;
  5. Интернет-маркетинг қызметін ұсыну;
  6. Электрондық-цифрлық қызмет көрсету;
  7. Мемлекеттік сатып алу қызметтерін көрсету;
  8. Мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру бойынша консультациялар;
  9. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде оқыту (Бизнес-мектеп, Бастау-Бизнес);
  10. Менеджменттің жаңа әдістерін енгізу үшін жоғары білікті мамандарды тарту («Аға сеньорлар»);
  11. «Іскерлік байланыс» шетелдік тағылымдама;
  12. Тауардың шығу тегі туралы сертификат, өндірістік сертификат беру;
  13. «Qoldau» бизнеске арналған цифрлық платформада жұмыс істеу бойынша кеңес беру;
  14. Жер учаскесін тендерге/аукционға шығарылатын жер учаскелерінің тізіміне енгізуге көмек көрсету;
  15. Қысқа мерзімді оқуды қамтамасыз ететін білім беру ұйымдарының тізіліміне енгізу;
  16. Дуалды оқытуға кадрларды даярлауға көмек.

«Атамекен Тараз» МҚҰ қызметтері:

  1. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде несие беру;
  2. Ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарының лизингі.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер