«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ «АЛТЫН САПА» ЖӘНЕ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ» БАЙҚАУЛАРЫНДА БАҚ СЫНАЙ АЛАДЫ

2021 жылғы 11 Ақпан
- Жамбыл облысы
3695 просмотров

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы отандық өндірушілер мен компанияларды сапа саласындағы жыл сайынғы «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауларына қатысуға шақырады. Өтінімдерді қабылдау 10 ақпаннан басталды.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы ұйымның өнім немесе қызмет көрсету сапасы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізгені үшін беріледі. Кәсіпорындар үш категория бойынша қатысады - шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері. Төрт номинация қарастырылған: "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын", "Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын", "Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын»; "Азық-түлік немесе ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең үздік кәсіпорын". Лауреаттар ақшалай сыйақы алады, сондай-ақ төрт жыл бойы «Алтын сапа» конкурсының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады. 2015 жылдан бастап «Алтын сапа» лауреаттары болып «Казфосфат» ЖШС, «Good Zhem» ЖШС, «Novocom Tehnology» ЖШС, «Дана Дель» ЖШС және т.б. кәсіпорындар танылды.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесі жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға бағытталған қызметін жандандыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Байқау-көрме үш аталым бойынша өткізіледі: "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар"," Халыққа арналған үздік тауарлар" және "Үздік азық-түлік тауарлары". Алдымен қатысушылар аймақтық деңгейде жарысады. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша әр номинацияда үш жеңімпаз таңдалады, кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық байқауда Жамбыл облысының атынан бақ сынасады. Әр жылдары байқаудың жеңімпаздары болып «Жамбыл гипс» ЖШС, «То-Мак» ЖШС, «Энерджи Тараз» ЖШС және т.б. компаниялар анықталды.

«Байқауларға еліміздің аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда), қызметтер көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер де, заңды тұлғалар да қатыса алады. Осы екі беделді байқау жергілікті өндірушілерді қолдауға, олар шығаратын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды ынталандыруға, сондай-ақ отандық брендтерді ілгерілету мен жалпы елімізде өндірісті дамытуға бағытталған», - дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Нағима Молдахметова.

Облыс кәсіпкерлері «Алтын сапа» байқауына қатысуға 1 шілдеге дейінгі мерзімде өтінім бере алады. Өтінім электронды түрде www.altynsapa.kz сайты арқылы беріледі. Анықтамалық ақпарат үшін +7 (7262) 555-913 (ішкі - 3114), моб.тел.: +7 701 460 08 43 нөмірлеріне хабарласуларыңызға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер