«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тараздық «Дана-Дель» компаниясы қазақ ұлттық киімін Біріккен Араб Әмірлігінде таныстырады

2021 жылғы 06 Сәуір
- Жамбыл облысы
4103 просмотров

«Алтын сапа» сыйлығының иегері, жамбылдық «Дана-Дель» ЖШС компаниясы Біріккен Араб Әмірлігінің Шардж қаласында өтетін сән фестиваліне шақырту алды

Әрбір халық өзіндік салт-дәстүрімен, ұлттық нақыштарымен, мәдениетімен өзгелерден ерекшеленіп, өнерімен танылады. Біздің халқымызды да болмысы бөлек бекзаттығымен, қонақжай, бауырмалдығымен таныған талай шетелдік жиһанкездердің пікірі тарихта қалды. Ал ұлттық киіміміздің сәніне сүйсінгендер бір төбе. Өңірімізде 18 жылдан бері сән, тігін саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан «Дана-Дель» тігін шеберханасы жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінен арнайы шақырту алып, халықаралық сән фестивалінде қазақы сән үлгісін күллі әлемге тағы басқа қырынан танытуға мүмкіндік алып отыр.

«Дана-Дель» тек өнім өндірумен шектелмей, «Бизнестің жол картасы– 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы маман да даярлайды. 2017 жылдан бері Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен кәсіп меңгеруге ниеттенген жұмыссыздарды оқытатын қысқа мерзімдік курстары бойынша оқыту орталығын ашып, қазірде жұмыс істеуде. «Дана-Дель» тігін шеберханасының директоры Бақытгүл Тоқтыбаева оқу орталығынан жыл сайын 150 маман дайындалып шығатынын, 6 мұғалім кәсібилікке үйрететінін айтады.


– Бүгінге дейін талай сән сайыстарында топ жарып, жүлдеге ие болғанбыз. Жарыстардан бөлек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап ұлттық нақышта киім тігіп, Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағының ашылуында Елбасы мен тіккен бөрік пен ішікті кигенде төбем көкке жеткендей қуанғанмын. Оның алдында Қытай губернаторына ішік тіккен болатынмын. Сол жұмысыма қарап, облыс басшылығы маған сенім артқан еді.   Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде шетелдердегі бизнес бойынша халықаралық форумдарда да туындыларымызды көрсетіп жүрміз. Осындай еңбектеріміздің арқасында Біріккен Араб Әмірліктерінен шақырту алдық. Енді Шардж қаласында өтетін халықаралық сән фестиваліне барып, өз туындыларымыз арқылы ұлттық киім үлгімізді көрсетпекпіз, – дейді Бақытгүл Тоқтыбаева.       

«Дана-Дель» шеберхана­сынан шыққан киімдерді киіп, Болгарияда жарысқа қатысқан әртістер арқылы германиялық өнерпаздардан да тапсырыс түскен екен. Яғни бастапқыда еліміздің өзге облыстарынан ғана тапсырыс қабылдаса, қазіргі таңда шеберхананың өнімдері шетелге де жөнелтілуде. Анығырақ айтсақ, Қырғызстан, Ресей, Украина, Франция, АҚШ елдеріне жіберілетін экспорт шеберхана өнімінің 30 пайызын құрайды. Осылайша жергілікті және шетелдік тапсырыс берушілермен жемісті ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп отырған «Дана-Дель» шеберханасы тұтынушыларының алғысын арқалап келеді.    


– Бала кезімнен сурет салғанды жақсы көретінмін. Неше түрлі киімдердің жаңаша дизайнын сызып, әрлеуді жаным сүйетін. Бойымдағы сол қасиетім басқа арнаға мойын бұрғызбады. Анам 8-сыныбымда пішіп-тігу курсына жіберді. Курсты аяқтаған соң туыстарым мен құрбыларыма сәнді үлгіде киім тігіп беріп, олар қуана киіп, алғыстарын айтатын болды. Бұл менің қиялымды көкке самғатып, алға қойған асыл мақсатыма ұмтылдырып, қанат бітірді. Білімімді Жамбыл педагогикалық институтының «Көркемдік графика» факультетінде жалғастырдым. Студент кезімде білім ала жүріп, былғары цехында жұмыс істеуге уақыт таптым. Бұл маған алған білімімді іс жүзінде тәжірибемен толықтыруға үлкен септігін тигізді. Мұнымен қоса кәсіби тренингтерге, қосымша курстарға белсене қатысып, шеберлігімді шыңдай түстім. Кейін белгілі дизайнерлермен жұмыс істедім. Әртістерге киім тіккенде алдымен оның орындайтын әнін тыңдап алып, соған лайықты үлгі сызып ұсынатынмын. Сонда ғана өте үйлесімді, тамаша туынды шығатын. Қазір де өзім басқаратын сән үйімде тігілетін әрбір дүниеге жоғары талғаммен қарап, сапасына жете мән береміз. Өндірген тауарың сапалы болса ғана ісің өнімді, еңбегің табысты болмақ. Тұтынушыдан алғыс алу – мен үшін үлкен жетістік, – дейді Бақыт Егембердіқызы.


Ұлттық құндылығымызды насихаттауға үлес қоса отырып, ел экономикасының дамуына атсалысып және бірнеше бос жүрген азаматтарды жұмыспен қамтып отырған аталмыш кәсіпорын білгенін басқаға үйретіп те қайырлы іс тындыруда. Халықтың қамына жасалған қызмет қайырсыз болмайтыны анық.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер