«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа мектеп формасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің отырысында талқыланды

2022 жылғы 04 Тамыз
- Жамбыл облысы
4578 просмотров

Тамыз айы туа бастағаннан-ақ оқу жылына баласын қамдайтын ата-анадан маза қашып, жазғы демалыстың соңғы айын мектеп формасын іздеумен әлек болатыны да анық. Алайда бұл мәселенің бір шеті тек ата-аналарға ғана емес, жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерге де тиіп отыр. Мәселенің мәнісіне келер болсақ, облыстық кәсіпкерлер палатасына «Шеберлер мекені» қауымдастығының төрағасы БахытгүлТоқтыбаева және аталған қауымдастықтың мүшелерінің атынан үндеу келіп түскен.

Бұл туралы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында хабарлады.

– Қауымдастықтың 28 қатысушысының төртеуі мектеп формасын тігумен айналысады. Мектеп формасын тігумен айналысатын кәсіпкерлер жыл сайын несие алып, 1 жыл бұрын алдын ала бекітілген формалар мен түстерге сәйкес мектеп формаларын дайындайды. Алайда осы жылы оқу жылының басталуына 2 ай қалған кезде ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығына өзгерістер енгізгенін хабарлады. Даудың туындауына бұйрықтың 19-тармағында жазылған «Мектеп формасының түсін, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен кеңес (мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар кеңесі) айқындайды, жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі» және 24-тармақтың 2-азат жолындағы «Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беруді басқару органдары ата-аналар мен білім беру ұйымдарына әкімшілік аумақта мектеп формасының бірыңғай түсін таңдауды ұсынады» деген жолдары себеп болған, – деді Нұралы Ергебаев.


Дау тудыратындай қандай келіспеушілік орын алды дерсіздер? 
Алайда бұйрықта мектеп формасының түсі 2022-2023 жылғы оқу жылына қара көк болуы керек деп еш жерде жазылмаған. Бірақ біздің облыста облыс әкімдігінің білім басқармасы, оның ішінде Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі өкілдері осы жылы мектеп формасының бірыңғай түсі қою көк болу керектігін әлеуметтік желіде хабарлайды.

Оқу жылына арнайы кәсіпкерлердің 2016 жылғы бекітілген бұйрық бойынша шикізат сатып алып, мектеп формасын әзірлегендерін және оқу жылына 1 ай қалғанда жаңа өнім дайындап үлгермейтіндігін айтып, кәсіпкерлер шағымданды.

– Мектеп формасының негізгі түсі қара көк болу керек екендігін білгендіктен базарлар мен дүкендерде Қытайдан әкелінген формалар сатылымды болатыны анық. Ал отандық өнім өндірушілер шетте қалып кетпек. Күні кеше ғана форманың түсі ауысқандығын естіген соң, алдын ала сатып алынған киімдерді кері қайтарып жатыр. Ал біз тиісінше ақшаны қайтаруға мәжбүрміз. Біз бұлай шығынға ұшырайтынымыз әбден анық. Оның үстіне қаржылық шығындардың артуына байланысты талаптарды қолданысқа енгізуді 1 жыл мерзімге кейінге қалдыру туралы өтініш те қалдырып едік, – деді «Асыл-Ай» тігін фирмасының директоры Алима Садықова.

Кеңеске қатысып отырған білім басқармасының өкілі бұл туындаған сұраққа жауап берді.

– 2022-2023 жылдар аралығындағы оқу жылына ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына және «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі ҚР Заңының 5-бабының 14-1 тармақшасына сәйкес барлық орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар сақталуы қажет. Алайда тек алдағы оқу жылында 1-сынып оқушыларына ғана мектеп формасы қара көк түс міндеттеледі. Дегенмен оқушылардың алдыңғы оқу жылында алынған мектеп формаларын (күрең қызыл, сұр және т.б.) тозғанша киюге рұқсат беріледі, одан кейін кезең-кезеңімен (2,3,4 және т.б. сыныптар) жоғарыда көрсетілген қою көк түсті мектеп формасына ауысады. Бұл өзгерістің толықтай енуіне 10 жыл уақыт қажет, – деді спикер.


Ең бастысы, сатып алынған форма төменде жазылған талаптарға сәйкес келуі керек.

1. Мектеп формасының түсі – қою көк (2022-2023 оқу жылына 1-сыныпқа).
2. Мектеп формасының үлгісі классикалық стильде болады.

Ұлдарға арналған мектеп формасы: Пиджак, жилет, шалбар, ақ салтанатты жейде, күнделікті ақ жейде, (қысқы уақытта: трикотаж жилет, ақ водолазка). Ұлдарға арналған шалбар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

5. Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін (белгілер, тігіспелер, шеврон және т.б.) орналастыруға рұқсат етіледі.

6. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

7. Мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жарақаттайтын фурнитурасы бар киім мен аксессуарларды киюге болмайды. (Ескерту: 2-7-тал аптар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген).

Кеңес соңында қатысушылар мектеп формасына қатысты өз ұсыныстарын білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер