«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына 9 қызылордалық компания қатысады

2022 жылғы 04 Қазан
- Қызылорда облысы
7855 просмотров

Осы сенбі «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өтеді. Шараны Астана қаласындағы ЕХРО» халықаралық көрме орталығында сағат 10.00-18.00 аралығында тамашалауға болады. Көрмеге 153 өңірлік байқау жеңімпаздары қатысады деп күтілуде. Соның ішінде 9-ы қызылордалық кәсіпкер.

Республикалық көрме-байқау 3 номинация бойынша өтеді. Олар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары».

Бүгін біз оқырмандарға «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша қатысатын 3 қызылордалық компанияны таныстырмақпыз.

«Асыл дән LTD» ЖШС күріштің Лидер, Янтарь, Баракат сорттарын, сонымен бірге күріш ұнын, күріш жармасын, күріш тарысын, күріш қауызын және т. б. өндірумен айналысады. Компания 2013 жылы құрылған. 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Серіктестіктің өнімдері полипропилен және полиэтилен қаптарда 25 кг, 10 кг, 5 кг, 3 кг, 800 гр қаптамаларда ұсынылады. Сондай-ақ, компания шаруа қожалықтарымен бірлесіп күріш егеді.

Компанияның тәулігіне 100 тоннаға дейін дайын өнім шығаратын зауыты, шығарылатын өнімнің сапасын және өңдеудің барлық процесін бақылайтын зертханасы, автотаразы, шикізат пен дайын өнімді сақтауға арналған қоймалары бар. Өнімдерін экспортқа шығарып жатыр.

«ҚАРАШАЛАҢ» сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Жылына 3000 тоннаға дейін өнім өндіреді. 2015 жылдан бері нарықта қызмет көрсетіп келеді. 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.   

Компанияның балық еті мен фаршын дайындауға арналған, талапқа сай арнайы зауыты бар. Компания 2017 жылдан бастап өнімдерін Европа елдеріне, атап айтқанда Польша, Германия, Нидерландыға экспортқа шығарып жатыр.

2020 жылы серіктестік базасында «балықты, шаян тәрізділерді және моллюскілерді өңдеу және консервілеу» жобасы іске қосылды.

«Аруана-Агролидер» ЖШС 2019 жылы құрылды. Компанияның негізгі бағыты түйе, ірі қара мал өсіру, бұқтырылған сиыр, жылқы, қой етін терең өңдеу арқылы өндіру, консервілеу, сәбіз, асқабақ шырыны мен пюре өндіру, сондай-ақ ет, сүт және жүн өңдеу. Барлық өнімдері «Ұлттық сараптама орталығының» зерттеуінен өткен, стандарттарға сай келеді. Өнімдерін Қызылорда қаласындағы «Қызылорда» оптомаркеті, «Аль-Асад» СҮ, «Ажар City» СҮ-нен алуға болады.

Сонымен қатар 8 қазанда өтетін көрме-байқауға «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша цемент өнімдерін шығаратын «Компания Гежуба Шиели Цемент» ЖШС, мұнай өндірісіне арналған қондырғылар шығаратын «Новомет-Казахстан»  ЖШС, поливинилхлорид және төменгі қысымды полиэтилен құбырларын шығаратын «Казахстанская  Нефтехимическая Компания Кемикал» ЖШС-нің Қызылорда филиалы, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша ұлттық киімдер тігумен айналысатын жеке кәсіпкер «Aiman Abdi», құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «ВЕГА-Пром» ЖШС, жиһаз дайындайтын «Алис трейд Казахстан» ЖШС қатысады деп жоспарланып отыр.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер