«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы бизнестің 90 млн теңгеге мүліктік құқығын сақтап қалды

2022 жылғы 14 Желтоқсан
- Жамбыл облысы
4097 просмотров

2022 жылы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілерінен құқығын қорғау үшін 206 өтінім түсті. Оның көп бөлігі әкімшілік кедергі, заң шығару және жер мәселесіне қатысты болды. Бұл туралы Палата директорының Құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

Өңірде бизнестің құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөлінеді және бұл – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеттерінің бірі.

Кәсіпкерлер кімге шағынданды?

Палата заңгерінің айтуынша, биыл кәсіпкерлердің басым бөлігі әкімшілік кедергілер және қоғамдық мониторинг әрекеттеріне (22),  заң шығару қызметі (3), мемлекеттік сатып алу (5), жер мәселесі (7), инвестициялар, субсидиялау, несие беру (5), экономика, қаржы (4) және өзге де мәселелерге жауапты органдарға (8) шағымданған.

Мемлекеттік қызметкерлер жазаланды

Баяндамашының айтуынша, кәсіпкерлердің мәселелері қаралғаннан кейін мемлекеттік органдарға 20 ұсыным жолданды, нәтижесінде қызметін салғырт атқарған 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Қаралған 14 мәселенің 6-ауы шешілді. Үш мәселе мемлекеттік органдардың басшыларына жеткізілді, 4 проблема қаралып жатыр және 1-еуі қанағаттандырылмады. 2022 жылдың басынан бастап Республикалық мәселелер тізілімінде үш проблема тіркелді және оларды мемлекеттік органдар қарап жатыр», – деді ол.

Сондай-ақ, премьер-министрдің қатысуымен өткен кеңесте екі мәселе қаралған. Олар:

- Объектіні басқару кезеңіне Ұлттық банктің базалық ставкасы бойынша индекстеуді алып тастау немесе жеңілдету мәселесі бойынша сенімгерлік басқаруға берілген объектілерге қатысты;

- Қайталама карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жүргізу регламенттерінің болмауына қатысты болды.

Кеңесте қаралған сұрақтар

Сонымен қатар, 2022 жылы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 7 отырысы өтіп, онда 14 мәселе қаралған. Қысқаша қайырсақ:

- мониторинг топтың қызметінде, жер заңнамасы және көрнекі жарнама салаларында өтініштер мен талдауларды қарау нәтижелері бойынша кәсіпкерлердің құқығының бұзылуы;       
- ауданы 0,72 га балық шаруашылығына арналған құрылыс жүргізу және оларға қызмет көрсету үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бірнеше рет бас тарту;       
- мектепке дейінгі ұйымдар үшін ата-ана төлемдерін арттыру;     
- 1 жастан 2 жасқа дейінгі балаларды қаржыландыру;         
- 6 жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейінгі балаларды қаржыландыру;           
- мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы жан басына шаққандағы қаржыландыруды есептеудегі айырмашылық;          
- шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын болғызбау жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларындағы олқылықтар;       
- «ОРЦ Тараз» ЖШС ауданы 2 га жер учаскесін жалға беру құқығына қатысты;                       
- жаңа оқу жылына мектеп формасын іске асыру және қайтару бойынша жеңіл өнеркәсіп саласындағы проблемалар;      
- Жамбыл облысындағы медициналық орталықтарын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» қосымша қаржыландырылмауы;        
- тасымалдаушы кәсіпкерлердің өтініші бойынша арнайы автоматтандырылған өлшеу құралымен ұсынылатын мәліметтердің дұрыстығына талдау нәтижелері;         
- жеміс-жидек дақылдарының нақты сатып алынған элиталық көшеттері үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шараларын алу кезіндегі проблемалық мәселеге қатысты болды.

Заңгерлердің сараптамасы

Жергілікті атқарушы органдардан сараптамалық қорытынды алу үшін Палатаға нормативтік құқықтық актінің 138 жобасы келіп түсті.

«Онда 52 жоба ескертусіз сараптамалық қорытынды берілді, 48-іне ұсыным жазылды. Сондай-ақ, 20 жоба кәсіпкерлердің мүддесін қозғамайтыны анықталды. Үш жоба қараусыз қайтарылды, алтауына түсіндірме берілді», – деді Нұралы Ергебаев.

Бизнесті қорғау экожүйесі

Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы облыстық сот, облыстық және қалалық прокуратура, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірдегі бөлімдерімен жасалған жол карталары бойынша жұмысты жүргізіп жатыр.

«Жауапты басшылардың қатысуымен Палата алаңында бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында жол картасының орындалуы үнемі талқыланады. Екіжақты келісімдер аясында сот практикасына ұдайы мониторинг жүргізіледі, заңнамалар талданады және заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жасалады. Кәсіпкерлердің құқығын қорғаудың және бизнесті дамытудың тиімді механизмдерін қолға алу, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттерін анықтау жұмыстары жүргізіледі», – деп түйіндеді Өңірлік палата өкілі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер