«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов кәсіпкерлер палатасының жанындағы Іскер әйелдер кеңесімен кездесті

2023 жылғы 25 Сәуір
- Жамбыл облысы
3815 просмотров

«Қазақстанның дамуына әйел кәсіпкерлердің үлесі» тақырыбында өткен басқосу барысында аймақ басшысы нәзік жандылардың кәсіпкерліктегі, облыс экономикасының түрлі саласындағы үлесін атап өтіп, оларды қолдау шараларына тоқталды.

«Сіздер бастаған кәсіпкер азаматшалар өңір экономикасын дамытуға белсене атсалысып келесіздер. Оның айғағы ретінде үздік тауарлар байқауына қатысушы кәсіпкер қыз-келіншектердің санының артуын айтуға болады. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды жалғастыру маңызды. Өңірдегі әйел азаматшалар тарапынан кәсіпкерліктің өркендеуіне іскер әйелдер қауымдастығының атқарар рөлі ерекше. Қауымдастық мүшелері өздерін белсенді тұрғыда көрсетіп келеді», – деді аймақ басшысы.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмыс қорытындысы туралы баяндады. Ол 544 қыз-келіншектің бизнес жүргізуге қатысты кеңес алғанын, 10 компания бизнесті дамыту стратегиясын әзірлеу бойынша бағалаудан өткенін, 449 әйел арнайы шеберлік-сағаттарынан, тренинг пен бейіндік оқытулардан өткенін және өзге жұмыс нәтижелеріне тоқталды.

Айта кету керек, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында қаржылай қолдаудың барлық құралдары бойынша 9207 жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы 44,3 млрд. теңгеге 4143 жоба қаржыландырылған. Бүгінгі таңда мемлекеттен көмек алған кәсіпкер әйелдер саны 5156-ға жетті.

Сондай-ақ, басқосу барысында «Өшпес мұра» қолөнершілер қауымдастығының өкілі Гүлнәр Абдуллаева өңірде қолөнершілікті дамыту, грант бөлу, қолөнершілерді тіркеу, іс-шараларды өткізуге көмек көрсету, оқушыларға шеберлік сыныптарын өткізу секілді мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді.

Ал «Айна-Line» ұтымды өнеркәсіп қауымдасытығының төрайымы Гүлсім Елешова өзі тұратын аумақта орналасқан «Көктал-2» каналына қатысты мәселе көтерді.

Кездесуде бұдан да өзге жастардың кәсіп бастауына, мемлекеттік гранттардың тиімді әрі нәтижелі игерілуіне, облыстағы имидждік жобаларды насихаттауға, туризмді дамыту мен қосымша білім беруге байланысты бірнеше ұсыныс, пікірлер айтылды.

Облыс әкімі барлық ой-ұсыныстар ескерілетінін баса айтып, бірқатар мәселелер хаттамаға енгізілді.

Аймақ басшысы тиісті тұлғаларға аймақта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту ісін жетілдіре түсу қажеттігін, ауылдық аймақтарда мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын, өзге де көмек түрлерін алу жолдарын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов кәсібін жаңа бастаған әйелдерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, консультациялық және ақпараттық көмек көрсету, әлеуетті бизнес-идеяларды, жобаларды қолдау, іскер әйелдер арасындағы байланыстарды нығайту, өңірдегі іскер азаматшалардың беделін танытып, оң имиджін қалыптастыру бағытындағы шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Жауаптыларды осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, бірлесе еңбек етуге шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер