«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбыл облысында 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

2024 жылғы 15 Қаңтар
- Жамбыл облысы
5124 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев облыс прокуратурасы жанындағы бизнес құқығын қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысына қатысты. Сондай-ақ, кеңеске Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрымова, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық басқармалардың өкілдері және бірқатар шетелдік инвестор қатысты.

 Өткен жылы прокуратура органдары 162 қадағалау актісін енгізді, соның нәтижесінде 9 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұзушылықтар салық, жер, әкімшілік заңнама салаларында анықталды. Сондай-ақ фронт-офистердің жүйелі жұмысының нәтижесінде 5 инвестордың мәселелері оң шешілді. Олар өңірде өз жобалары шеңберінде 720 жұмыс орын құрумен 230 млрд теңге инвестиция салып жатыр.

Атап айтқанда, «Talas Investment Company» ЖШС прокурорларды үйлестіру кезінде «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-да несие желісін ашуға мүмкіндік алды.  Салық органдары мен атқарушы өндірістердің 500-ден астам актісі жойылды, бизнес-қоғамдастық өкілдеріне 246 миллион теңге төленді.

 Жиын барысында баяндамашылар ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі Сараптамалық кеңестің алдыңғы отырыстарында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді. «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасы талданды.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев 2023 жылы прокуратура және әкімдікпен инвесторлардың түйткілді мәселелерін, оның ішінде прокурорлар құрған маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис шеңберінде сүйемелдеу және шешуге жәрдемдесу бойынша жүргізілген бірлескен жұмыс туралы хабарлады.

 «Фронт-офис құрылған сәттен бастап 6 отырыс өткізілді. Жергілікті деңгейде «бір терезе» қағидаты бойынша инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, бірлескен іс-шаралар жоспарын орындау аясында Палата құны 7 млрд теңгеден асатын стратегиялық инвестициялық жобалардың бастамашылары және өкілдерімен кездесулер өткізді. Обллыс пулында құны 2,3 трлн теңге құрайтын 69 жоба бар. Соның ішінде жалпы сомасы 1  трлн 937 млрд теңгеге 20 ірі инвестцииялық жоба іріктелді, жалпы 3 мың жұмыс орны құрылады», – деді  Еркін Атымтаев.

Облыс әкімі кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жұмыстың басым бағыттарына егжей-тегжей тоқталып, инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында аудан әкімдері үшін KPI жүйесі енгізілгенін атап өтті.

«Бұған дейін мен 40-қа жуық инвестормен кездесулер өткіздім. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыру маңызды. Олар экономиканы әртараптандырудың негізгі факторларының бірі. Өңірде негізгі капиталға инвестиция көлемін ұлғайтуға бағытталған аудан әкімдері үшін жаңа KPI жүйесі енгізілді. Бұл қадам өңірдің инвестициялық саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді», – деді Ербол Қарашөкеев.

 Сондай-ақ, жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары инвестициялық жобаларға қолдау көрсету және бизнес-қоғамдастықтың жауапкершілігін күшейту туралы өз пікірлерін білдірді. Кеңес соңында қолдауы жүйелі негізде жүзеге асырылатын инвесторлардың өңірлік тізбесін құру туралы шешім қабылданды. Мұндай шара кәсіпкерлердің проблемаларын шешу үшін күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер