«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Гранттың игерілуіне мониторинг: бизнесті тексеру ме, заң талабы ма?

2024 жылғы 07 Наурыз
- Шымкент қаласы
9040 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылығы, кәсіпкерлер, Шымкент қаласының прокуратурасы, Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және басқа да бақылау-құзырлы органдардың жетекшілері, Шымкент қалалық тиісті басқармалардың мамандары қатысты.

Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың мәліметінше, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасына түсетін арыз-шағымдардың 32 пайыздан астамы жер қатынастарына байланысты. Оның ішінде жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу, нысанға сәулет-жобалау құжаттамасын бекіту секілді мәселелер өзекті болып тұр. Осыған байланысты Палата директорының орынбасары Майя Исаева баяндама жасады.

 

«Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағымдар түсіп жатады. Мысалы, Нұржан Астанақұлов деген азамат өзіне тиесілі жер учаскесінде айналма жол түсетінін анықтаған. ҚР Жер кодексінің 84-бабына сәйкес жер учаскесі меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен немесе сот шешімі бойынша мүлікті тең өтеу шартымен ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін. Алайда, іс жүзінде Н.Астанақұлов мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп алудың басталғаны туралы хабарлама немесе қаулы алған жоқ. Кәсіпкер 2023 жылдың қазан айынан бастап Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобильдер басқармасына, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына хат жазады. Оған қоса қалалық прокуратураға жазбаша өтініш нәтижесінде Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасынан 2024 жылдың 9 қаңтары күні хат келді, онда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулының жобасы әзірленуде деп жазылған. Осылайша, мемлекеттік органдар тарапынан Нұржан Астанақұловтың жеке мүлікке қатысты конституциялық құқықтары мен мүдделерін өрескел бұзуға жол берілді деп есептейміз», – деді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.

Бұл мәселе бойынша Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының маманы жауап берді.

«Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 12 мамырдағы «Жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №288 қаулысына Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2023 жылғы 10 қарашадағы №01-05-16/1032-К/Х негізінде және аталған жер учаскесінің меншік иесі Нұржан Астанақұлов болып өзгеруіне байланысты (жаңа сәйкестендіру №22-330-036-181) Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 5 ақпандағы №161 қаулысына сәйкес алынатын алаңы 0,1929 га болып өзгерістер енгізілген. Бүгінгі таңда Нұржан Астанақұловқа  2024 жылдың 6 ақпаны күнгі №24-10-06/2122 санды мемлекет мұқтаждығына қайтару туралы жазбаша хабарландыру (ескерту) хаты жолданған. ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының талаптарына сай бағалау жұмыстарын жүргізу үшін тәуелсіз бағалаушыға жолданды», – деп жауап берді Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілі Досанғали Ертаев.

Дегенмен, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының тарапынан жер учаскесін алу тәртібі бұзылғанына назар аударды.

Кеңес отырысында кәсіпкерлердің жер қатынастары бойынша мүдделерін қорғауға қатысты басқа мысалдар да келтірілді. Мысалы, кәсіпкер Н.Көлбаев жер учаскесіне жеңіл соғылатын нысандар салуға сәулет-жобалау құжаттамасын ала алмай жүр. Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Шымкент филиалының мамандары кәсіпкердің учаскесінің теміржолға жақын екеніне және бас жоспар бойынша ол жерге жасыл желек түсетіні көрсетілгенін айтқан.

Жиында кеңес мүшелері Кәсіпкерлер палатасына Шымкент қаласы әкімдігінің тиісті басқармаларының алдында кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесін көтеруді, кәсіпкерлік субъектілерінен жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығына алу процедураларына сараптама жасауды ұсынды.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе бойынша Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев баяндама жасады.

«Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасына 400 АЕК мөлшеріне дейінгі грант алған кәсіпкерлік субъектілерінен өтініш хатттар түсуде. Бұл гранттың басты мақсаты – кәсіпкерлік бастамаға көмектесу. Заңға сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар берілген соң олардың нысаналы пайдаланылуына мониторинг жүзеге асырылады. Ал қазіргі таңда Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығы тарапынан гранттардың нысаналы пайдаланылу мониторингінің жүргізілуі заң талаптарына сай емес. Себебі, кәсіпкерлік субъектілері business.enbek платформасы арқылы алған негізгі құралдар бойынша әр тоқсан сайын тиісті құжаттарды қоса отырып, бизнес-жобаның орындалуы және қаржы қаражатын пайдалану туралы аралық және қорытынды есептерін ұсынып отыр. Аталған заң ережелеріне сәйкес, Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығы мониторингті электронды платформада жүргізуі қажет. Бұған қоса Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығының мамандары кәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы мониторинг жүргізілуде. Бұл аталған заң ережелерінде және үлгілік шарт талаптарында көрсетілмеген», – деді Мақсат Дүйсенбекұлы.

Бұл сұраққа Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығы директорының орынбасары Жұлдыз Балтабаева жауап берді.

«Біздің мекемеге құзырлы-бақылау органдары тарапынан берген ұсыным бойынша осы гранттардың нысаналы мақсатта игерілуіне мониторинг жасау тобының актілері талап етіледі. Жалпы, грант алған кәсіпкер қаржы түскен соң үш айдың ішінде алған заттарын көрсетіп, дәлелдеп, алғашқы есепті береді. Содан кейін мониторинг тобы барып, грант алушының бизнес-жоспары мен алған заттарының сәйкес келуін тексереді. Ал олар сәйкес келмейтін жайттар көп кездеседі. Мысалы, 2023 жылғы 452 адамның 131 адам өз ісін ашпағаны анықталды. Солардың барлығына сотқа дейінгі хабарлама береміз, олардың бірі ауруханаға жатып қалса, бірі басқа қалаға көшіп кеткен немесе басқа да түрлі себептері бар. Біз сол жағдайларды зерделеп отырып, тек анықталғанын ғана сотқа жолдаймыз. Қазіргі таңда ондай 61 ғана факті бар. Қысқаша айтқанда, осылай мониторинг арқылы анықтамасақ, бізді де тексеруші құзырлы-бақылау органдары тарапынан сұрау болады», – деді Жұлдыз Балтабаева.

Кеңес отырысында қаладағы оқу орталықтарында мониторинг жүргізу тәртібі де көтерілді. Атап айтқанда Кәсіпкерлер палатасына оқу орталықтарының жетекшілері хабарласып, оқу орталықтарының қауымдастығына кіретін оқу орталықтары мен Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығы арасындағы білім беру ұйымдарында кәсіптік оқытудың мемлекеттік білім беру тапсырысын көрсетуге жасалған 2023 жылғы қыркүйектегі шарттарды орындауға байланысты мәселелер және мониторинг жүргізу тәртібі бұзылған деп көрсеткен.

«Оқу орталықтарына «Күміс жас» бағдарламасы бойынша қаржы жетіспеуіне байланысты «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша білім алушылардың оқудан шығарылатыны туралы айтылған. Осы мәліметтер негізінде Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығы тарапынан мониторинг жиілеп, көптеген азамат оқудан шығарылған. Қазіргі таңда Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығы оқу орталықтарына сотқа дейінгі хабарламалар жіберуде», – деді «Адал білім» оқу орталықтары қауымдастығының өкілі Төлеген Данияров.

Шымкент қаласының еңбек мобильдігі орталығының өкілдері бұл шағымдарды жоққа шығарды. Осыған орай Палата жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі, ҚР Қаржы мониторингі Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Алмас Манатұлы қос тарапқа шағымдары мен дәлелді фактілерін тапсыруды ұсынды.

                                                                                   

Ал кеңес Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасына Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына мониторингті business.enbek.kz платформасы арқылы онлайн форматта жүргізу қажеттігі туралы хат жолдауды, Шымкент қаласының прокуратасына Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Шымкент қаласының еңбек мобильдігі мекемесі тарапынан жасалған мониторингке өз құзыреті шеңберінде құқықтық баға беру туралы хат жолдауды, сонымен қатар Шымкент қаласының прокуратасына кәсіпкерлік субъектілерінен мемлекет тарапына қайтарылып жатқан грант сомасына және қысқа мерзімді оқытуға қатысатын кәсіпкерлік субъектілеріне алу саласында жүргізіліп жатқан рәсімдерге тиісті талдау жүргізу туралы, құқықтары мен заңды мүдделері өрескел бұзылған жағдайда прокурорлық ден қою шараларын қабылдау туралы хат жолдау ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер