«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Жайлы мектеп» жобасына отандық өндірушілер қамтылуы тиіс

2024 жылғы 24 Мамыр
- Шымкент қаласы
7395 просмотров

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында отандық өндірушілер, оның ішінде шымкенттік жиһаз жасаушылар қамтылуы тиіс.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасында өткен құрылыс салалық кеңесінің отырысында осы мәселе талқыланды. Жиынға Палата басшылығы, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік жетекшілері, жобаның бас мердігерлері, жиһаз компанияларының өкілдері қатысты.

«Наурыз айында Шымкент қаласының әкімі жиһаз жасаушылармен, жалпы, «Жайлы мектеп» жобасына қатысушылармен кездескені белгілі. Сонда ұлттық жобаға жергілікті кәсіпкерлерді, жиһаз компанияларын жұмылдыру бойынша тапсырма берілді. Ең басты талап – жиһаз жасаушылардың CT-KZ немесе индустриалды сертификаты болуы керек. Бізде бар мәліметтер бойынша 12 мектепті салатын бас мердігерлермен 5 жиһаз компаниясы келісімшартқа тұрған. Тағы бір бас мердігердің өз жиһаз цехы бар. Біздің ендігі мақсатымыз – қалған компанияларды да осы жоба аясында жұмылдыру», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

«Жайлы мектептерді» жиһаз және оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» №70 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылатыны баршаңызға белгілі. Ол талаптар барлық қатысушыларға берілген. Қала әкімінің қазіргі таңдағы ұстанымы – шымкенттік жиһаз компанияларының осы жобаға қатыстыру. Ал басты талап – жиһаздардың сапасы болып қала береді», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы барлық білім ошақтары тиісті мерзімде тапсырылуы тиіс екеніне, сондықтан, мердігерлер жұмыс ауқымын толық орындап үлгеруі үшін басқа да компаниялармен бірге жұмыс істеуі маңызды екеніне тоқталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер