«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы таланттарды ашуға көмектеседі: «Үздік жас кәсіпкер!» байқауы өтті

2024 жылғы 27 Қараша
- Жамбыл облысы
1969 просмотров

Жамбыл облысында оқушылардың шығармашылығын қолдау мен кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталған «Үздік жас кәсіпкер!» байқауы аяқталды. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Облыстық мектеп олимпиадалары мен сыныптан тыс іс-шараларды өткізу орталығы және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы.

Байқаудың іріктеу кезеңдерінде Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы маңызды рөл атқарып, болашағы зор идеялар мен жобаларды анықтауға белсенді қолдау көрсетті.

Байқаудың мақсаты – жастардың бастамашылдығын, креативті ойлау қабілетін және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге инновациялық шешімдер табу дағдыларын дамыту болды.

«Осындай жобалар жастардың кәсіпкерлік қабілеттерін қалыптастыруда үлкен маңызға ие. Біз мұндай бастамаларды қолдаудың маңыздылығын түсінеміз және перспективалы идеялардың дамуына ықпал етуге дайынбыз», – деп атап өтті комиссия мүшесі, Адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Өмірбекова Майя Оспанқызы.

Байқауға 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар қолданыстағы немесе жоспарланған кәсіпкерлік жобалары туралы бейнероликтер жасады. Оқушылардың жұмыстары келесі критерийлер бойынша бағаланды:

•          тақырыпқа сәйкестік;

•          идеяның бірегейлігі мен креативтілігі;

•          орындау сапасы;

•          идеяның практикалық маңыздылығы.

Байқау үш кезеңнен тұрды: мектепішілік, аудандық/қалалық және облыстық. Финалистер өз жобаларын кең аудиторияға ұсынып, жас кәсіпкер ретінде өздерін таныту мүмкіндігіне ие болды.

Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы бейнероликтерді бағалау барысында қатысушыларға сараптамалық қолдау көрсетіп, олардың жобаларының күшті және әлсіз тұстарын анықтауға көмектесті. Бұл жас авторларға өз идеяларын жетілдіруге және оларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін ойластыруға мүмкіндік берді.

Байқауда ең креативті және болашағы зор қатысушылар жеңіске жетті. Бас жүлдені Меркі ауданының оқушысы Диана Құдайберген иеленді. Өзге номинациялардың жүлдегерлері дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.

«Үздік жас кәсіпкер!» байқауы өңірдің жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға деген ұмтылысын көрсетті. Кәсіпкерлер палатасы өңірдің экономикалық дамуының драйверлеріне айналуы мүмкін болашағы зор жас, дарынды мектеп оқушыларын қолдауда маңызды қадам жасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер