«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасында отандық тауарларды қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

2024 жылғы 20 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
1946 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында сауда желілерінде отандық тауарларды кеңінен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.

Жиынға Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері, тауар өндірушілер мен «Gramad», «Магнит Cash&Carry», «Супермаркет «Баян Сұлу», «Фиркан», «Turan», «Metro Cash&Carry», «Светофор» сауда желілерінің өкілдері қатысты.

Жиында отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, оның ішінде жергілікті өнімдерді ілгерілету шаралары талқыланды. Сауда желілерінің өкілдеріне заң талаптары түсіндірілді.

«ҚР «Сауда қызметін реттеу» туралы заңында ішкі сауда субъектілері қызметін жүзеге асыру барысында отандық тауарларды көрінетін және қолжетімді жерде орналастыруға міндетті деп нақты көрсетілген. Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 22 маусымдағы «Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» № 242-НҚ бұйрығына сәйкес, сауда қызметін жүзеге асыратын сауда желісінің субъектісі «Қазақстанда жасалған» деген арнайы орын әзірлеп, сауда алаңының 30 пайызынан кем түспейтін орынға отандық өндірушілердің тауарларын орналастыруы тиіс», – деді Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Илдар Ахмедиев.

Осы тұрғыда әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін орналастыруда заң талаптарын сақтау барысы да түсіндірілді.

«Атап айтқанда азық-түлік тауарларын беру шартын жасасу кезінде сатып алынған азық-түлік тауарлары бағасынан алынатын сыйақының бес пайыздық мөлшерден асыруға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға байланысты сыйақыны заңсыз талап етуге тыйым салынады. Мұндай заң бұзулышық болған жағдайда алдымен ескерту жасалады, егер сол жылы қайталанса, 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - деп түсіндірді Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Илдар Ахмедиев.

Жиын барысында жергілікті тауар өндірушілер мен ірі сауда желілерінің өкілдері бір-бірімен байланыс контактілерін алмасып, бірге жұмыс істеуге уағдаласты. Сонымен қатар, тауар өндірушілер жергілікті өнімдерге қолдау көрсету туралы ұсыныстарын айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер