«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанадағы жаңа қойма солтүстік өңірлерді бір күнде полипропиленмен қамтамасыз етеді

2024 жылғы 23 Желтоқсан
1273 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы елордада полипропиленді сақтауға және жедел жеткізуге арналған жаңа қойманың ашылуына қатысты. 500 тоннаға дейін дайын өнімді сақтай алатын нысанды «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» компаниясы ұсынды. Жаңа қойма Қазақстанның солтүстік өңірлерінің өңдеуші компаниялары үшін полимер шикізатының логистикалық қолжетімділігін арттырады және клиенттерге өнім жеткізу мерзімін 10 күннен 1 күнге дейін айтарлықтай қысқартады. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілерге шикізатты одан әрі өңдеу үшін тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ұсынылды.

Атырауда екі жыл бұрын іске қосылған зауыт шикізаттан бастап дайын өнімге дейін толық цикл бойынша полипропилен шығарады. Бүгінгі таңда құрылыста, медицинада, тамақ және тоқыма өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын полипропиленнің тоғыз сорты әзірленді. 2025 жылдың басында тағы үш түрін шығару күтілуде және өндіріс жылына 500 мың тонна полипропиленнің жобалық қуатына жетеді.

Жаңа қойманың ашылу салтанатына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, сондай-ақ, Энергетика министрлігінің өкілдері қатысты. ҰКП өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ерлан Бақаев қойма құру қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

«Жоба отандық өндірісті дамытуға, бизнесті қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге және логистикалық қолдауға айтарлықтай әсер етеді. Еліміздегі өңдеушілерді қолдауға бағытталған осындай жобалардың арқасында өндірушілер нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа инвестиция тарта алады», - деді ол.

Жаңа қойманың ашылуында ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов отандық өндірушілерді қолдау үшін логистикалық желіні дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда полипропилен бағасы көршілес елдермен салыстырғанда ең төмен болды.

Ішкі өңдеу нарығын дамытуға қатысты келесі қадамымыз – 2025 жылы Шымкент қаласында еліміздің оңтүстік өңірлері үшін осындай қойма ашу. Бұған бұрын «KPI» ЖШС Алматыда осындай қойма ашқан болатын, ол жарты жыл ішінде оңтүстік өңірлердің өңдеушілеріне қызмет көрсетіп, 2 мың тоннадан астам полипропилен жеткізді.

Астанада қойманың ашылуында бірінші клиент — «Aqua Atom» отандық компанияға полипропилен жеткізілді. Бұл компания ай сайын 5 тоннаға жуық өнімді тұтынып, суды тазарту үшін әлемдік деңгейдегі полипропилен сүзгілерін шығарады. Компанияның өнімдері жоғары технологиялық жабдықта KPI полипропиленінен жасалады.

Бүгінгі таңда полипропиленнің ішкі нарығында KPI үлесі 50%-ды құрайды, бұл ішкі нарықта бағалардың бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Компания тауарды өңдеуші кәсіпорындарға теміржол көлігімен жөнелту мүмкіндігін ұсынып, кросс-докинг қызметін іске қосты. Бұл сервис өнімді сақтауға шығын шығармай, полипропиленді экономикалық тұрғыдан тиімді сатып алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы өнімді сатып алушылардың теміржол және тұйық станцияларына жеткізе отырып, сервис аясын кеңейту жоспарда.

Жаңа қойма компанияның Қазақстандағы өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізаттың қолжетімділігін қамтамасыз ету стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Өнімнің сапасы швейцариялық компаниямен сертификатталған және Қазақстан ішінде және Еуропа елдеріне, ТМД елдеріне, сондай-ақ, Түркия мен Қытайға экспортталады.

Кросс-докинг (cross-docking) — бұл логистикалық әдіс, яғни тауар (полипропилен) транзиттік қоймаға жеткізіледі және ұзақ мерзімді сақтауды айналып өтіп, бірден өңдеушілерге жіберіледі. Бұл тәсіл ірі өңдеуші компанияларға шығын шығармай, қойманың инфрақұрылымын тауарды тез ауыстырып тиеу үшін пайдаланып, полипропиленді экономикалық тұрғыдан тиімді сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс тапсырыстарды өңдеу мен түпкілікті тұтынушыға жеткізуді жылдамдатады, қойма шығынын азайтады және логистикалық операциялардың тиімділігін арттырады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер