«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ауылды инновациялық технологиялар көркейтеді

2016 жылғы 25 Шілде
11256 просмотров

«Атамекен» ҚРҰКП Агробіліктілік орталығының сарапшысы Бауыржан Құрманов, фермерлерге инновациялық технологияларды оқыту олардың жұмысы барысында сапалы көрсеткіштерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді деп санайды

«Мен базалық шаруашылықтарды іріктеумен айналысам. Сонда семинарлар оқытылады. Шетелдік мамандармен бірге дәрістердің әдістемесін даярлап, өзекті тақырыптарды таңдаймын. Содан соң өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, семинарлардың өткізу уақытын белгілейміз. Агробіліктілік орталығына семинар өткізетін лекторларды ұсынамын. Менің тағы бір міндетім: инновациялық технологиялар туралы мақалаларды ҰКП www.palata.kz сайтына жазып отыру. Оған қоса Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сall-орталықтарына келіп түскен фермерлер сұрақтарына жауап беру», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, семинарларды өткізу кестесі дайын. Оларды тамыз айынан бастап өткізе бастайды. Дегенмен, өңірлік климаттың өзгешелігінен семинар уақыттары әркелкі болады.

Мұндай семинарлар фермерлерге несімен пайдалы? Мұндай курстарға олардың мұқтаждығы қаншалықты? Бауыржан Құрмановтың пікірінше, бүгінгі таңда отандық ауылшаруашылық өкілдеріне мұндай білім аса керек. Семинардың қажеттілігінде күмән болмауға тиіс. «Біздің фермерлер үнемі жұмысбасты, бос уақыттары жоқ. Олар ылғи 24/7 сағат жұмыс істейді. Сондықтан бір жаққа барып, оқу оқуға мүмкіндіктері шектеулі. Десек те, олардың бәрі де өз саласының соңғы тенденцияларын білуге құштар, жаңадан бірдеңе білуге талпынады. Білгенін өз саласында қолданғысы келеді. Сапалық, сандық көрсеткіштерін өсіргісі келеді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, өңірлердің саласы бөлектенгенмен, барлық жерде ветеринарлық қауіпсіздік өзекті тақырып болып тұр. «Барлық өңірде мал бордақылайтын алаңдар фермерлерге қызық тақырып. Аз уақыт ішінде малды қалай тез семіртуге болады? Солтүстік пен батыста малдың жарақатын жазу мәселесі қызықтырып отыр. Асыл тұқымды көбейту  мәселесін алсақ, онда солтүстік пен орталықта селекция жұмысы өзекті. Оларға тұқымды асылдандыру өте маңызды. Батыста малшылар ірі қара малды қалай семіртіп, сол үшін қандай технологияны қолдану керектігін білгісі келеді. Оңтүстікте бірінші кезекте – мал басын көбейту, жем-шөп әзірлеу, оларды өңдеу мәселесі қызықтырады», – деп түсіндірді Бауыржан Құрманов.

Оның айтуынша, ірі шаруашылықтарда өткізілетін семинарлардың бір пайдасы – фермерлерге инновацияны өз жерінде енгізуге мүмкіндік бар.

«Солардың көбісі замана легінен қалып кетпеу үшін лизингке заманауи агротехниканы сатып алған, ол фермердің жұмысын жеңілдететін дүние. Осы семинарларда шаруа қожалары осындай жаңа техниканы қалай қолданатынын үйренеді. Шаруашылықты неғұрлым дамытқысы келген сайын, оны жаңа жолға қойған сайын фермерлерде сұрақтар туындай береді. Сондықтан фермерлер шаруашылық басшысы ретінде, маман ретінде де осындай семинарлардың өтуіне мұқтаж. Бұл тек Қазақстанда өзекті емес. Кез келген дамыған елде консалтинг сұрақтары, аграрлы саланың мамандарының біліктілікті көтермелеу бірінші орында тұр», – деді Бауыржан Құрманов.

ҰКП Агробіліктілік орталығының сарапшысының айтуынша, семинарларда өзекті тақырыптар қозғалады. Тек қана теориясы емес, тәжірибесі де айтылып, көрсетіледі. «Ірі шаруашылықтарда тек жетістіктері көрсетіліп қоймайды, бордақылайтын жерге қандайда бір технологияны енгізудің артықшылықтары тұтас айтылады. Асылдандыру үшін не істеу керектігі, оны шаруашылықтар өзінде қалай қолдана алатындығы әңгіме арқауына айналады. Семинарлар бір күнге созылады. Фермерлер лекцияда таңнан кешке дейін отырады. Сұрақтары болып жатса, ҰКП сall-орталықтарына хабарласа алады. Немесе электронды поштаға сұрақтарын жібере алады. ҰКП сайтында да инновациялар туралы мақалалар жазып отырамыз. Өзекті мәселелер туралы мақалалар да болады. Фермерлер кез келген уақытта ақпаратпен танысып, өзіне керегін ала алатын болады», – дейді Бауыржан Құрманов.

Жұмыс бабымен облыс орталығына жақын, әрі алыс жатқан ірі шаруа қожалықтарына жиі баратын сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда көпшілік интернет қолданады. Олар ауылшаруашлықы саласының әр тарапындағы үдерістерді бақылап отыруға құштар.

«Бұл семинарлардың тиімділігі меніңше, фермерлердің қандай инновация шыққанын жедел біліп отыруына әкеледі. Оларды қалайша өзінің шаруасында қолдана алатындығы бағытында ізденеді. Семинарларда мал басын көбейту мәселесі де айтылатын болады. Селекция жұмыстарының нәтижесі де айтылмақ. Ветеринария саласы бойынша да мол ақпарат беріледі. Осы саладағы қандай инновация шығып жатқанымен танысады. Алдын алу мен емдеудің  сан түрін біледі. Мәселе, дәрі таңдауда ғана емес. Сол жұмыстың жүйелі жүруінде екендіктеріне көз жеткіземіз. Оны оңтайландырудың жолдарын көрсетеміз. Малдың басын сақтауды, денін сау қылуды үйретеміз», – дейді Бауыржан Құрманов.

Оның айтуынша, семинарларға тек қазақстандық емес, шетелдік сарапшыларда шақыртылады. Лекторлар банкі жасақталған. «Call-орталықтар арқылы фермерлердің пікірін білуге болады. Олардың дер кезінде ақпарат алуын қамтамасыз етіп, осы жұмысты үзбеуді ойластыру керек. Фермер үнемі өзінің шаруашылығымен айналысады. Оның мерекеге, демалысқа уақыты жоқ. Қандай саланы алсаңыз да осы. Мал бағатындарға тіптен қиын. Ондағы жұмыс үздіксіз. Сондықтан фермерде, мамандарда бір жаққа шығып, барып, білім ала алмайды. Ал, олардың білімін жетілдіруге деген құлшынысы ерен. Өз малының көбеюіне де, сапасының артуына да қызығады. Астанада өткізілген ауылшаруашылық көрмелеріне фермерлер өздері келуге тырысады. Өз саласының жаңалықтарын біліп кеткісі келеді. Білмей қалғанын естіп, біледі. Олар да инновацияны бақылап отырады. Сондықтан бұл семинарлар өңілердегі фермерлерге керек», – деп тәмамдады сөзін Бауыржан Құрманов.


Ұқсас жаңалықтар:

Қызылша өсірудің қыр-сыры
16 Тамыз
2016
Жетісу облысы
Мақта өсірудің де өз мәні бар
11 Тамыз
2016
Шымкент қаласы
Сиыр бағуға да ғылым керек
10 Тамыз
2016
Қарағанды облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер