«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тараз қымызының құпиясы

2016 жылғы 22 Қыркүйек
- Жамбыл облысы
9156 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымының жеңімпазы анықталды

«Заң» ЖШС басшысы, қымыз өндіруші Дүйсенбек Ыбынәлиев байқауға бірінші рет қатысып, жеңімпаз атанды. Сұхбат барысында тараздық қымыз шебері өз ісінің құпияларымен бөлісті.

– Дүйсенбек аға, сіз құқық қорғау органдарында жоғарғы қызметтерде болдыңыз, 30 жылдық жұмыс өтіліңіз бар, әділет полковнигі атана жүріп, бүгінгі қымыз өндірісіндегі жоғарғы құрметке қалай ие болдыңыз?

– Маған жылқыға деген махаббат көкпарларға қатысып, осы жануардың сырын жақсы білетін әкемнен, атамнан, арғы атамнан берілген. 1992 жылы қызмет бабымен Луговой жылқы зауытына бардым. Ол кезде зауыт таратылып жатқан. Оның директоры маған атақты Абсенттің немерелерінің бірі, ақалтеке тұқымының бес құлынының біреуін сатып алуға ұсыныс білдірді. Оның айтқанына көніп, мен алты айлық құлынды сатып алдым. Әйелім екеуміз тай болғанша Акырташты күн сайын күтіп, баптадық. 1997 жылы қызметтен кеткен соң, «Заң» деген жеке агенттігімді ашу немесе адвокаттық қызметпен айналысу туралы шешім қабылдадым. Бірақ өмір барлығын басқаша шешті. Маған бұрынғы дендробақты сатып алуға ұсыныс білдірді, тағы бес жылқы сатып алып, біз оларды сол жақта баға бастадық, 2004 жылдан бастап жыл сайын төл алып келеміз. Сүтінен қымыз алып, отбасымызбен ішетінбіз. Жылқы басы артқан сайын қымыз шығарумен шындап айналыстық. Бүгінгі таңда бізде 200-дей жылқы бар. Олар күн сайын 100 литр сүт береді. Оның үстіне, қала тұрғындары қымызбен қоса саумал алу үшін де кезекке тұрады.

Сүттің сапасы жем-шөпке байланысты. Біздің жайылымымызда дәрілік шөптер көп. Сонымен қатар, егер мемлекеттік стандарт бойынша майлылық 1% болуы қажет болса, бізде 1,5-1,8%. Сол үшін де біз жануарларға сауын арасында мол жем-шөп береміз.

– Өндірісті жолға қою барысында қандай кедергілерге тап болдыңыз?

– Алғашқы жылдары сүтті көп жоғалтатынбыз, өйткені қолмен сауатын едік. Бірде Алматыдан сиырларға арналған Түркияда жасалған сауын аппаратын көзім шалып қалды. Менің тапсырысым мен кеңестерім бойынша түріктер жылқыларға арналған жетілдірілген аппарат жасап шығарды. Оны 150 000 теңгелік бағасы 1,5 айдың ішінде ақталды. Сүттің көлемі 2-2,5 есеге дейін артты. Қазірде қымыздың төрт түрін шығарамыз. Күбілерге тапсырыс беру кезінде, сондай-ақ қымыздың өзін дайындау технологиясына өнертапқыштық өзгерістер енгізуге тура келді. Мемлекеттік стандарттар бойынша қымыз 72 сағат сақталады, өткізу үшін бұл өте қысқа мерзім. Ашыту процесін тоқтату арқылы бұл мерзімді 60 күнге дейін ұзартуға қол жеткіздім. Мұндай ноу-хоу күн сайынғы бақылаулар мен ой түюлердің арқасында жасалды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы немесе маман болу міндетті емес, өз ісіңді жақсы көріп, сезіне білуің тиіс. Бүгінде барлығына өз технологияларым жайлы айтып беремін, республикамыздың алты облысына өзімнің стандартымды қайтарымсыз бердім, ұлттық сусынымызды шығарып, балаларымыздың дені сау, мықты болып өссе болғаны.

– Осы бағытты дамыту үшін қандай қадамдар жасап отырсыз?

– Қымыз барлығымыздың ортақ мақтанышымыз, Қазақстанның нағыз бренді болса екен деген тілегім бар. Егер Жапонияда ұлттық Шай күні, ал Германияда Сыра күні тойланатын болса, неге бізге Қымыз күнін жасамасқа. Бірнеше жыл қатарына қымызмұрындық ұйымдастырып келеміз, осы ұлттық мейрамымыз сүйікті мерекелеріміздің біріне айналып, Наурыз тойымен тең дәрежеде тойланғанын қалаймыз. Тараз сол тойдың астанасы, орталығы болуға лайық. Өткен жылы қаламызда қымыз мұрындық табысты өтті, ол қымыздың халықаралық фестиваліне айналып, оған көптеген елдердің өкілдері қатысты. Бұл мейрамды Якутияда, Қырғыз елінде ұйымдастырды. Ол жақтарға бізді де шақырды. Осы жылы қымыз мұрындықты алтыншы рет Таразда өткіземіз. Қымыз өндірісі өңірімізде барынша дамуы үшін кәсіпорнымыздың базасында Жамбыл облысының қымыз өндірушілеріне арнап семинар-жиналыстар циклін ұйымдастырдық. Бүгінде, дағдарыс кезінде қымыз өндірісі көптеген ауыл адамдары үшін жұмыс орындарын аша алады. Бес жылқысы болса, барлық отбасы мүшесі жұмыспен қамтылады. Өйткені бір жылқы маусымына 150000 теңге береді. Семинарларға қатысушылар осы саланы барынша дамыту үшін қымыз өндірушілердің қауымдастығын құру туралы ұсыныс білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер