«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шын шеберге тұсау жоқ

2016 жылғы 17 Қазан
- Жамбыл облысы
9711 просмотров

Жамбыл облысындағы Жамбыл ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сәрсенбай Оспанқұлов жасаған бұйымдар бүгінде республиканың барлық аймағына танымал

Жақсы табыс табу үшін талмай еңбек ету керек. Өз ісіңді ашу өз алдына, оны дамытып, бизнес әлемінде өз орныңды табу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Әр бастаманың пайда әкелетіні де жасырын емес. Осы орайда, барлық қиындықтарға мойымай, өзіңе деген нық сеніммен, тек алға басу қажеттігін естен шығармаған жөн.

Осы сынды қағидаттарды жеке кәсіпкер Сәрсенбек Оспанқұлов та әрдайым есінен шығарған емес. Жамбыл ауылының тұрғынының қолынан шыққан ат әбзелдерін (ер-тоқым) бүгінде республиканың түкпір-түкпіріндегі тұтынушылар сатып алып жатыр. 

...Жақында ғана өңірлік «Қазақстанның үздік тауары-2016» көрме-байқауына қатысқан Сәрсенбай Оспанқұловты біз өз шеберханасынан таптық. Шебердің қолынан шыққан бұйымдарға қарап көз тойдыру мүмкін емес. Қазіргі күні ер-тұрманға деген сұраныс жоғары дейді ол. Сондықтан  ондағы әр нәрсе ерекше назар мен шеберлікті талап етеді екен. Шеберхана ішіндегі тоқымдарды көріп, оның нағыз майталман шебер екенін түсінесің. Жетістіктер баршылық. Мәселен, биылғы жылдың сәуір айында Таразда өткен облыстық сынақтық көрмесде Сәрсенбай Оспанқұлов екінші орын алған. Айта кетер жайт, көрме Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен «UMAI» жобасының аясында өткен.

«Көп жылдар бойы мен былғары зауытында жұмыс істеген едім. Механиктен бастап, цех басшысына дейін көтеріліп, кейін директордың орынбасары да болдым. Бірақ... зауыт жабылып, адамдар жұмыссыз қалды. Дәл сол кезде мен өз ісімді ашуға бел будым. Алайда, бәрі ақшаға келіп тірелді», – дейді шебер.

Сәрсенбай Оспанқұлов 2011 жылы Жұмыспен қамту орталығына келіп, Тараз қаласында кәсіпкерлік курсын тәмамдаған. Сосын орталық арқылы несие алып, алғашқы бұйымдарды жасауға кіріседі.

«5 жылдың ішінде біз тұрақты клиенттер таба білдік. Қазір тапсырыстар Астана, Тараз, Алматы, Жаркент, Қызылордадан келіп түседі. Мен тапсырыстарды уақытында бітіруге тырысамын. Мысалы бір ер-тоқымды жасау үшін, орташа есеппен 3 күн уақыт кетеді. Мен тауардың төрт-бес түрін жасаймын, клиенттің әр қалауын ескеруге тырысамын. Қазір боксқа қажет аспалы тұлып пен ауыр атлеттердің белдіктерін жасап жатырмын», – дейді Сәрсенбай Оспанқұлов. Осы орайда, шебер шикізат сапасына да тоқтала кетті.  Оның айтуынша, бүгінде былғарының сапасы төмен көрінеді. «Мен көп жылдар бойы осы материалмен жұмыс жасап келе жатқандықтан, оның сапасына бірден назар аударамын. Қазір былғары өңдеу барысында, қажетті компоненттерді жеткіліксіз түрде қосады, сол себепті ол нәзік әрі құрғақ болып шығады. Ал, клиенттер мінсіз тауар алғысы келеді. Сондықтан, мен өз жұмысымда тек сапалы былғарыны қолданамын. Ондай материалды жергілікті «Ырыс Бақыт» ЖШС шығарады. Сапалы былғарыны көршілес Қырғызстанда да табуға болады. Қалған қажетті материалдарды – темір, желім, ағашты Қордайдан әкелемін», – дейді ол.

Сәрсенбай шебердің қолынан шыққан бұйымдардың бағасы да арзан емес. Мәселен, бір ер-тоқым құны 30 мың теңгеден басталады. Әрине, тауар құны жұмсалатын еңбекке байланысты.

Осылайша, жамбылдық шебердің шеберханасына бас сұққан бойда, оның барлық жұмысымен танысып, көріп біле алдық. Айтарымыз, тауар сапалы әрі ыңғайлы!

Болашақта кәсіпкер өз цехын кеңейтуді көздеп отыр.

«Жақында ғана аудандық газетте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Үкіметке жолдаған ұсынысы «Кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы» туралы оқыдым. Осындай нақты, іске асатын ұсыныстарды  қолдаймын. Мұндай қадамдардың ішінде ауылдағы шағын кәсіпкерлерге несие берудің де болуы көңіл қуантады. Несие алу талаптары да, сондай-ақ, кепілдеме қою жағдайлары да ыңғайлы. Аудандық Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының мамандары арқылы бизнес-жобаға қолдау көрсету қарастырылған. Осы мүмкіндікті пайдаланып өз бизнесімді кеңейткім келеді. Кәсіпкерлер палатасы маған қолдау көрсетеді деп сенемін».

Біз өз кезегімізде, оның ісіне табыс тілей отырып, шебердің қолынан шыққан бұйымдар «ЭКСПО-2017» көрмесіне қойылады деп сенеміз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер